2025 жылғы 1 тамызда Павлодар қаласында Мемлекеттік жастар саясаты мектебі аясында өңірлік семинар-тренинг өтті. Бұл шара – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің қолдауымен "Жастар" ғылыми-зерттеу орталығы жүзеге асырып жатқан ұзақ мерзімді білім беру жобасының қорытынды кезеңі болды.
Іс-шараға Абай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарынан жастар ресурстық орталықтарының 25 қызметкері қатысты. Оқу тренингтері барысында жастармен жұмыс істейтін мамандар цифрлық сауаттылық пен ақпараттық қауіпсіздік бағытындағы білімдерін тереңдетті. Сонымен қатар, олар жастар саясаты шеңберінде жобалық менеджменттің негізгі қағидаларымен танысты. Бұдан бөлек, қатысушылар жұмыс үдерістерін оңтайландыру мақсатында жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін зерттеп, өзекті мәселелерді тиімді шешуге арналған заманауи тәсілдерді меңгерді.
Павлодар қаласында өткен семинар Қосшы, Шымкент, Алматы және Орал қалаларында ұйымдастырылған тренингтер сериясының қорытынды кезеңі болды. Жалпы білім беру бағдарламасына еліміздің барлық өңірлерінен келген жастар ресурстық орталықтарының 150-ге жуық маманы қатысты.
Биылғы Мемлекеттік жастар саясаты мектебінің басты мақсаты – жастар ресурстық орталықтары қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру, цифрлық дағдыларын дамыту және жергілікті деңгейде жастар саясатын тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін инновациялық құралдарды меңгерту болды. Бұл бастама жастардың өзекті мәселелерін шешуде неғұрлым тиімді әрі заманауи тәсілдерді қолдануға жол ашады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі