Шығыс Қазақстан облысында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің жас дарындары мен көшбасшыларының кездесуі өтіп жатыр. Бұл бастама Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан жүзеге асырылуда. Іс-шара 2024 жылғы 4 шілдеде Астанада өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында жасалған келісім негізінде ұйымдастырылды. Аталған жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі заман жағдайында бірлік пен күшті біріктірудің маңызын атап өткен болатын.
Іс-шара ШҚО әкімдігі, «Amanat» партиясының жастар қанаты – «Жастар рухы» және «Esbol Qory» қоғамдық қорының қолдауымен өтуде. Кездесуге ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер – Қытай Халық Республикасы, Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан келген делегаттар қатысуда.
Кездесудің басты мақсаты – тәжірибе алмасуға арналған тұрақты платформа құру, жастар арасындағы ынтымақтастықты нығайту және халықаралық әріптестікті дамыту.
Бағдарлама аясында заманауи жастар саясатының өзекті мәселелері талқыланатын маңызды іс-шара – «SCO Youth Dialogue» жастар форумы өтеді. Қатысушылар үздік тәжірибелерімен бөлісіп, ШЫҰ кеңістігіндегі жас ұрпақ алдында тұрған қатерлер мен мүмкіндіктерді талқылайды.
Сапар аясында өңірдің белсенді жастарымен кездесулер, панельдік сессиялар, мәдени іс-шаралар мен Шығыс Қазақстан облысының туристік нысандарына бару жоспарланған.
Форумның Қазақстанда өтуі ШЫҰ аясындағы жастар ынтымақтастығын нығайтуға, еліміздің халықаралық имиджін қалыптастыруға және жас көшбасшыларды қолдауға, сондай-ақ өңір болашағын қалыптастыруға бағытталған бастамаларды дамытуға сеп болады.
ҚР Мәдениет және ақпарат Министрлігінің баспасөз қызметі