Қонаев қаласында «Кенжем қайда?» көркем фильмінің түсірілімі жүріп жатыр. Дәстүр бойынша түсірілім «тәрелке сындыру» рәсімімен басталды.
Фильм – өткен жылғы питчинг нәтижесінде мемлекеттік қолдауға ие болған жобалардың бірі. Картина авторы – «Игрок», «Черный двор», «Приговор» сияқты әлеуметтік тақырыптағы фильмдерімен танылған жас режиссер Диас Бертис (Құлмақов). Режиссердің айтуынша, бұл туынды отбасы ішіндегі айтылмаған сырлар мен адам жанындағы жараларды көркем тілмен жеткізуді мақсат етеді.
«Кенжем қайда?» фильмі тағдыр сынынан өткен жалғызбасты ана Гүлнәздың оқиғасын баяндайды. Фильмде кейіпкердің ұлын жоғалтқан сәттен бастап бүкіл отбасының бетпердесі сыпырылып, көп жылдар бойы жиналған үнсіздік пен жасырын сырлар ашыла бастайды. Бұл – детектив элементтері бар психологиялық драма.
Ұлттық киноны қолдау орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағалидің айтуынша, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ұлттық киноны қолдау орталығының тарапынан идеологиялық маңызы бар тақырыптарға басымдық беріледі. Өйткені кино тек өнер емес, ол – идеология құралы. Сол себепті отбасылық құндылықтар, ұрпақ тәрбиесі, жауапкершілік пен рухани сабақтастық секілді мәселелерді көтеретін жобалар қашанда маңызды. «Кенжем қайда?» фильмі – дәл осындай өзекті тақырыпты қозғайтын туынды.
Айта кетейік, биыл Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен 16 фильм түсірілуде. Олардың қатарында «Бүркітші», «Тревожная ночь», «Дни», «38», «Сағындым сені», «Мұғалім», «Команда А», «Жібек», «Победителей видно на старте» және т.б. фильмдер бар.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі