ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі 2025 жылдың бірінші жартыжылдық бойынша қорытынды жасауды жалғастырады. Назарларыңызға гендерлік саясат пен отбасын қолдау саласындағы негізгі бастамаларды ұсынамыз. Қазақстан ұлттық құндылықтарды сақтай отырып және халықаралық стандарттарды ескеріп, бұл бағыт бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыруда.
2025 жылдың ақпанында елімізге «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша өңірлік директоры Белен Санс Люке жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында Бейжің декларациясы мен іс-қимыл платформасының 30 жылдығы аясында және Тұрақты дамудың 5-мақсаты – гендерлік теңдікті қамтамасыз ету шеңберінде Орталық Азияның болашағына арналған жоғары деңгейдегі өңірлік кездесу өтті.
Сонымен қатар, елімізде Республикалық репродуктивті денсаулық апталығы ұйымдастырылды. Осы уақыт аралығында 20 мыңнан астам іс-шара өтіп, оған 500 мыңға жуық адамның қатысты.
2024 жылы Әйелдер құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заң күшіне енді. Бұл шара отбасылық саясатты дамыту үшін маңызды қадам болды. Аталған заң аясында Отбасын қолдау орталықтарының жұмысы қайта қаралып, олар бірыңғай үлгі бойынша жұмыс істей бастады. Орталықтар саны 33-тен 124-ке дейін үш есе артты. Жыл басынан бері бұл орталықтарға 100 мыңнан астам адам жүгінген, ал 5 мыңнан астам отбасыға жан-жақты қолдау көрсетілген.
Астана, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында ОҚО-лардың жұмыс процестерін цифрландыру енгізілді. Жақын арада «Ата-аналар академиясы» – Ata-ana.kz онлайн платформасы іске қосылады.
Отбасыдағы әке мен ананың рөлін арттыру жұмыстары жалғасуда. Аналар күніне орай еліміздің барлық өңірінде отбасын нығайтуға және әйелдердің қоғамдағы рөлін айқындауға бағытталған мыңнан астам іс-шара өтті. Әкелер күні қарсаңында Астанада «Әке. Отбасы. Қоғам» атты X Республикалық әкелер форумы өтті. Оған белсенді ата-аналар, сарапшылар және қоғам өкілдері қатысты.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының жанындағы отбасылық және гендерлік саясат жөніндегі зерттеу орталығы өз жұмысын жалғастырып жатыр. Атап айтсақ, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша Ұлттық есеп дайындау, қазақстандық қоғамдағы гендерлік стереотиптерді зерттеу, сондай-ақ Ақпарат және қоғамдық даму комитетінің сайтында «Гендерлік мұқтаждық пен қажеттіліктер картасы» арнайы бөлімін әзірлеу секілді жұмыстар жүргізілуде.
Бұл қадамдар Қазақстанның әрбір азаматы тең құқық пен мүмкіндіктерге ие болатын әділетті әрі қауіпсіз қоғам құруға деген ұмтылысын айқын көрсетеді.
ҚР Мәдениет және ақпарат Министрілігінің баспасөз қызметі