Мәдени инфрақұрылымды жаңғырту – тек қабырғаны жөндеу емес, ең алдымен оның ішкі мазмұнын жаңарту. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева республикалық «Айқын» газетіне берген сұхбатында айтып өтті.
«Қазіргі заманның оқырманы, көрермені, тыңдарманы мүлде басқа. Олар жылдам ақпарат алады, цифрлық кеңістікте өмір сүреді. Сондықтан біз мәдени мекемелердің мазмұнын да осы үдерістерге сай бейімдеуіміз керек», – деді министр.
А.Балаеваның айтуынша, кітапхана саласында соңғы жылдары бірқатар өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі кітапхана – жай ғана кітап сақтау орны емес, интеллектуалды орталыққа айналу керек.
«Ұлттық академиялық кітапхана, Ұлттық кітапхана және өңірлік кітапханалар цифрлық трансформация үдерісін бастап кетті. Электронды каталогтар, онлайн қызметтер, цифрлық платформалар – бүгінде кітапханалар қызметінің ажырамас бөлігіне айналды», – деді ол.
Сондай-ақ, министр оқырман сұранысын қанағаттандырудың – алдағы басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.
«Қазір, өкінішке қарай, оқырман іздеген жаңа туындылар, заманауи жанрлар, балама әдебиеттер кітап сөрелерінен табыла бермейді. Бұл – қорды жаңарту, жүйелі сараптау, нарықтағы әдеби үрдістерді бақылау қажет деген сөз»,– деді.
Аталған бағытта бірқатар нақты шаралар қолға алынып, кітап қорын заманауи әдебиетпен жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл тек көркем әдебиетке ғана емес, ғылыми-көпшілік, кәсіптік, мотивациялық, балалар мен жасөспірімдерге арналған контентке де қатысты.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі