Мәдениет министрі мәдени инфрақұрылымның дамуы мен кадрлық саясат туралы айтты

Мәдениет министрі мәдени инфрақұрылымның дамуы мен кадрлық саясат туралы айтты

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева республикалық «Айқын» газетіне берген сұхбатында мәдениет саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары, жетекші театрлардағы реставрациялық жұмыстар, кадрлық реформалар туралы айтып берді.

Театрлардың тарихи келбетін сақтау және жаңғырту

Министр мәдени және тарихи маңызы бар ғимараттарға жасалатын жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары аса мұқият қаралатынын атап өтті.

«М.Әуезов театры 2026 жылы 100 жылдық мерейтойын атап өтпек. Осы айтулы дата қарсаңында 1981 жылдан бері пайдаланы­лып келе жатқан театр ғимаратында рекон­струк­ция жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөн­деу барысында тарихи келбетті сақ­­­тау – біздің басты талабымыз. Театрдың тек сыртқы бейнесі емес, ішкі рухы мен атмосферасы да сақталуға тиіс деп есептейміз», – деді Аида Балаева.

Сондай-ақ, Наталья Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театрында да жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жоба аясында театр кеңістігін кеңейтіліп, инженерлік және сахналық жүйелер жаңартылып, театр тарихына арналған музей экспозициясы ашылады.

Мұндай жөндеу жұмыстары Абай атындағы опера және балет театрында да жүргізілуде. Атап айтсақ, театр кіреберісі реконструкцияланып, көрермен залдары мен грим жасау бөлмелері жаңартылды.

Кадрлық саясат: кәсібилік, нәтиже және жауапкершілік

Министр Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрына қатысты жағдай мен оның басшылығына бағытталған шағымдарға да түсініктеме берді. Оның айтуынша, мәдениет ұйымдарының басшыларын тағайындаудағы басты мәселе – кәсібилік пен нәтиже. Ал кез келген кадр тағайындау туралы шешім заң аясында және ұжым мүддесі үшін ескеріліп қабылданады.

Министрлік бүгінде «Бірыңғай кадрлық ақпараттық жүйені» енгізіп жатыр. Бұл жүйе жұмысқа орналасу мен жүктемелер бойынша көптеген заң бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік берген.

«Кадрлық ротация, KPI енгізу, жастарды тарту – бұлардың барлығы жүйелі реформаның ажырамас бөлігі. Біз саланың дамуы үшін үлкен қадамдарға, кейде құрбандыққа баруға мәжбүрміз», – деді министр.

Мәдениет пен білім беру саласындағы инфрақұрылым және жаңа жобалар

Сұхбат барысында Аида Балаева мәдени инфрақұрылымға қатысты бірқатар ірі жобаларға да тоқталды. Атап айтқанда, Қазақ ұлттық өнер университетінде күрделі жөндеу жұмыстары басталды, университет жанындағы мамандандырылған мектеп-интернатқа арналған жаңа ғимарат құрылысының жобасы әзірленуде, Күләш Байсейітова атындағы өнер университетіне тиесілі өнер лагері қалпына келтірілмек. Сонымен қатар, биыл Ұлттық академиялық кітапханаға жылу желілері салынып, қалалық құбырға қосылған.

Сөз соңында Аида Балаева өнерге жүйелі қолдау қажет екенін айтты.

«Бұл – өнерпаздарға жасалып жатқан инвестиция ғана емес, таланттарды тәрбиелеудің іргетасы. Ұлттық өнер  өзінен-өзі тумайды, ол тәрбие мен жүйелі қолдаудың нәтижесінде ғана қалыптасады», – деп түйіндеді министр.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі