«Цифрландыру – мәдениет саласының болашағын айқындайтын басты бағыттардың бірі. Бұл тек есеп жүйесін жаңарту емес, бұл – ұлттық мұраны сақтап, оны әлемдік айналымға шығарудың, келер ұрпаққа жеткізудің заманауи жолы», – деді Аида Балаева «Айқын» газетіне берген сұхбатында.
Аида Балаева қазір әлем елдері пайдаланып отырған цифрлық мүмкіндіктер – өнер мен мәдениетке шекарасыз қолжетімділік екенін атап өтіп, мәдени мұраларды цифрландыру жұмыстары елімізде қалай жүзеге асып жатқаны туралы айтып берді.
Министрдің айтуынша, соңғы жылдары мәдениет объектілерін цифрлық форматқа көшіру, автоматтандырылған жүйелерді енгізу бағытында нақты қадамдар жасалып жатыр.
Биыл Қазақстан музейлерінің бірыңғай виртуалды алаңы – E-museum веб-порталы іске қосылмақ. Бұл платформа арқылы әлемнің кез келген нүктесіндегі қолданушылар еліміздің мәдени мұрасын 3D үлгілер мен интерактивті форматта көруге мүмкіндік алады. Жоба аясында көрнекі цифрлық технологиялар қолданылып, еліміздегі мемлекеттік музей қорын электронды форматта үздіксіз жүргізуге жағдай жасалады.
Қазір «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығының қорғауындағы «Айша бибі кесенесі» ескерткішінде электрондық билет жүйесін енгізу жұмыстары қолға алынды. Жүйе бейнекамерамен, турникетпен жабдықталып, объектке кіру face id немесе IDcard арқылы жүргізілетін болады. Сондай-ақ «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының объектілеріне, «Отырар» музей-қорығының «Отырар қалашығы», «Арыстан баба кесенесі» объектілеріне, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығының «Қарахан кесенесі» объектісіне жоғарыда аталған автоматтандырылған жүйені енгізу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
«Мәдениет цифрланбаса – ол тұйықталады. Қазіргі ұрпақ ақпаратты визуалды, интерактивті түрде қабылдайды. Демек, егер біз жастарды ұлттық мәдениетке тартқымыз келсе, оны солардың тілімен, цифрлық ортада сөйлетуіміз керек. Бұған қоса, цифрландыру – мұраны сақтау кепілі. Қағаз құжат пен қолжазба тозады, бірақ цифрлық нұсқа мәңгі сақталады әрі әлемнің кез келген жерінен қолжетімді болады», – деді Аида Балаева.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі