Қазақ музыкасындағы маңызды белес: алғашқы жартыжылдық нәтижелері

Қазақ музыкасындағы маңызды белес: алғашқы жартыжылдық нәтижелері

2025 жылдың жартыжылдық қорытындысы бойынша, Қазақстанның музыка саласы қарқынды дамып келеді. Республикадағы концерт ұйымдары 279 іс-шара өткізіп, оған шамамен 300 мың көрермен келген.

Мемлекеттік концерттік ұжымдар елімізді аймақтарда да, халықаралық сахналарда да танытып, ел абыройын асқақтатып жүр. Соңғы алты ай ішінде өнерпаздар Қазақстан бойынша 12 рет, шетелге 7 рет гастрольдік сапарға шыққан. Атап айтсақ, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы Болгарияда, БАӘ-де, Әзербайжанда және Ұлыбританияда өнер көрсетті. Жыл соңына дейін әлі де Канадa, Франция, Қытай, Түркия және басқа мемлекеттерге гастрольдік сапарлар жоспарланған.

Биыл мерейтойларға ерекше назар аударылды. Қазақстанның халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына орай байқаулар, концерттер және Бейжіңдегі гастрольдік бағдарлама ұйымдастырылды. Анкарада ТҮРКСОЙ ұйымдастырған іс-шарада «Нұрғиса Тілендиев жылының» салтанатты ашылуы өтті. Сондай-ақ Шәмші Қалдаяқов, Евгений Брусиловский, Жамбыл атындағы филармония және «Салтанат» би ансамбліне арналған мерейтойлық іс-шаралар ұйымдастырылды.

«Салтанат» мемлекеттік би ансамблі 2025 жылы концерттік костюмдер де тігілді. Биыл жалпы 56 киім үлгісі әзірленді. Оның ішінде 32 әйел, 24 ер адам костюмі бар. Сонымен қатар, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 24 отырысына арналған концерттік бағдарламаға және Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына арналған сахналық киімдер дайындалды. ҰҚШҰ жобасы аясында тігілген костюмдердің 32 үлгісі «Сазген сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамбліне берілсе, «Бірлік» би ұжымына 33 костюм табысталды.

Жалпы алғанда, соңғы екі жылда сахналық костюмдер Қазақ мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі, Құрманғазы атындағы халық аспаптары ұлттық оркестрі, «Бірлік» ән-би ансамблі және Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» академиялық концерт ұйымы үшін дайындалды.

Қазақстандық өнерпаздар шетелде де тамаша нәтижелерге жетіп жүр. Атап айтсақ, «GULDER» ансамблінің әртісі Латвияда екі алтын медаль иеленді, әнші Дидар Әбдухалық Болгариядағы байқауда бірінші орынды жеңіп алды. Әйгерим Алтынбек Ла Скала академиясына қабылданып, Андреа Бочелли мен Хосе Каррероспен бірге өнер көрсетті. Мария Мудряк Қытайда «Фигароның үйленуі» операсында дебют жасады.

Сонымен қатар, республикалық телеарналарда қазақ композиторлары Ескендір Хасанғалиев, Нұрғиса Тілендиев, Кеңес Дүйсекеев шығармашылығына және қазақ киносына арналған концерттердің теленұсқалары көрсетіліп келеді.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі өз кезегінде отандық музыка өнерін дамытуға және оның халықаралық аренада танылуына қолдау көрсетуді жалғастыра береді.


ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі