12 мыңнан астам көрермен «Опералия-2025» фестивалін тамашалады

12 мыңнан астам көрермен «Опералия-2025» фестивалін тамашалады

Биыл 16 мамыр мен 13 шілде аралығында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Астана Опера» театрында «Опералия-2025» халықаралық музыкалық фестивалі өтті. Оған 12 мыңнан астам көрермен жиналды. Фестиваль Дж.Пуччинидің «Тұрандот» операсымен түйінделді.

Қойылымның дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, театрдың бас дирижері әрі бұл спектакльдің қоюшы-дирижері Алан Бөрібаев. Оның жетекшілігімен «Астана Опера» симфониялық оркестрі мен хоры керемет қуат пен эмоциялық тереңдікті шебер жеткізіп, көпшілікке ұмытылмас әсер сыйлады.

Тұрандот ханшайымның басты партиясын театрдың прима әншілері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жұпар Ғабдуллина мен Бибігүл Жанұзақ орындады. Калаф рөлінде Ресей опера сахнасының әртісі Михаил Пирогов пен көптеген халықаралық театрларда өнер көрсетіп, тембрі ерекше әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Шотабаев сомдады.
Айта кетейік, бұл фестиваль қазақстандық және шетелдік әртістердің өнерін көруге, сондай-ақ жаңа есімдер ашуға мүмкіндік берді.

Көрермен алғаш рет Ролан Петидің эксклюзив балет трилогиясын («Арлезианка», «Бозбала және Өлім», «Кармен») тамашалап, Алтынай Асылмұратова қойған «Ұйқыдағы ару» балетінің таңғажайып премьерасына куә болды. Сондай-ақ Евгений Чайников қойылымындағы «Капулетти мен Монтекки» операсының премьерасы да өтті. Көпшілікке Қытай, Франция және Ресейден келген танымал жұлдыздар Чжумин Чэнь, Мэн Ин Фан, Мария Ильюшкина және Эван Капитен қатысқан гала-балет ерекше әсер қалдырды.

Іс-шара аясында Nomad Inspiration бірегей жобасы да халықтың қызығушылығын тудырды. HasSak ансамблінің және жобаның қоюшы хореографы Сұлтанбек Ғұмар бастаған театрдың балет труппасы орындаған аспаптық қазақ этно-фольклоры мен балет өнерінің синтезі қалың көрерменнің көңілінен шықты.

К.Байсейітова атындағы Камералық зал да қалыс қалған жоқ. Жұртшылық назарына виолончель кештері, фортепиано солосы ұсынылып, Дж.Россинидің «Жібек саты» опера-буффасы қойылды.

Іс-шара аясында қойылған классикалық туындылар, эксперимент жобалар мен ұлттық классикалық шығармалар фестиваль бағдарламасының көркін ашып, мемлекеттер арасындағы мәдени байланысты нығайтып, театр өнерінің мұрасын байыта түсті.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі