Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драмалық театры XXXIV маусымын жапты

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драмалық театры XXXIV маусымын жапты

2025 жылдың 9 маусым күні Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының 34-маусымы өз мәресіне жетті. Театр маусымы дәстүр бойынша М. Әуезовтің «Абай» қойылымымен жабылды.

Спектакль ұлы Абайдың рухани әлемі мен өмірін баяндайды. Абайдың рөлін Қазақстанның Халық әртісі Тілектес Мейрамов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл сомдады. Қойылымға жалпы 65 актер қатысты.

Осы маусымда театр көрермен назарына 7 қойылымның премьерасын ұсынды. Атап айтқанда, П. Бомаршенің «Фигароның үйленуі» музыкалық комедиясы, Т. Әбдіктің «Парасат майданы» психологиялық драмасы, «Ертегі түннің әуені» классикалық ертегілер жиынтығы, Ж. Әлікеннің «Жүрек сыры. Махаббатым сен...» драмасы, Б. Брехттің «Шеңбер» драмасы, Ә. Кекілбаевтың «Күй» драмасы, «Құмқала» ертегісі.

Г. Бюхнердің «Войцек» драмасы Ж. Аймауытовтың 135 жылдығына арналған «Ертіс-Баян» I республикалық театрлар фестивалінде «Жүсіпбек Аймауытов атындағы арнайы жүлдеге» ие болды.

М. Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясы Ақтау қаласында өткен ІІІ Халықаралық «Әбіш Әлемі» театр фестивалінде арнайы көрсетіліп, көрерменнің зор ықыласына бөленді.

Р. Мұқанованың «Бопай ханым» тарихи трагедиясындағы Бопай ханым рөлі үшін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актриса Лейло Бекназар «ТЕАТР АLL» III Халықаралық театр фестивалінде «Үздік әйел бейнесі» номинациясына ие болды.

П. Бомаршенің «Фигароның үйленуі» музыкалық комедиясы Қазақстан театр сыншылары бірлестігінің шешімімен «Жыл музыкалық қойылымы» номинациясына ие болды.

Халықаралық театр күніне орай ұйымдастырылған «Қаллеки тынысы» спектакльдер шеруінде сарапшылар шешімі бойынша үздік актер мен актрисалар марапатталды.

Маусымның маңызды жаңалықтарының бірі – «Оқылым» жобасы.
Бұл жоба жаңа пьесалар мен тың шығармаларды сахнаға шығаруда маңызды рөл атқарып, көрерменнің зор қызығушылығына ие болды. Жоба аясында 7 жаңа туындының оқылымы өтті.

Театрдың Симфониялық оркестрі мен Халық аспаптар ансамблі де көрермен назарына концерттік бағдарламаларын ұсынып, репертуардағы музыкалық қойылымдарды сүйемелдеу арқылы көркемдік деңгейінің артуына үлес қосты.

Сонымен қатар, театр ұжымы гастрольдік сапармен Қарағанды, Көкшетау, Павлодар, Алматы қалаларына барды.

Осы маусымда театр репертуары бойынша 165 спектакль сахналанып, жалпы 42 112 көрермен тамашалады.

Келесі маусымда да театр ұжымы көпшілікке жаңа премьералар мен шығармашылық жобаларды ұсынуды жалғастырады.


ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі