Ұлттық музейде Домбыра күніне орай кеш өтті

Ұлттық музейде Домбыра күніне орай кеш өтті

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Ұлттық домбыра күніне және әйгілі композитор, дирижер, Қазақстанның халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына арналған «Күмбірле, қоңыр домбыра!» атты рухани кеш өтті.

Іс-шараның басты мақсаты- киелі домбыраны жас ұрпақтың санасына сіңіру, күй өнерінің асқақ мұрасын кеңінен дәріптеу, сонымен қатар Нұрғиса Тілендиевтің өмір жолы мен шығармашылығы арқылы көркем мәдениет пен рухани тәрбиені насихаттау.

Мерекелік кеш аясында көрерменге ұлттық өнердің шынайы шеберлері әсем күйлер мен дәстүрлі әуендерден шашу шашты.
Іс-шара барысында өнер иелері Нұрғиса Тілендиевтің өмірі мен өнер жолына қатысты жылы естеліктерін бөлісті. Олар үшін домбыра – тек аспап емес, ұлттың үні, баба аманаты екенін атап өтті.

Сонымен қатар кеште «Дәстүр» фольклорлық тобының өнерпаздары, №1 балалар музыка мектебінің оқушылары, «Күмбір» домбыра үйрету орталығының шәкірттері мен жас дарындар қатысып, өз өнерін паш етті. Олар орындаған күйлер мен халық әндері көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Айта кетейік, 2018 жылдан бері шілде айының алғашқы жексенбісі елімізде Ұлттық домбыра күні ретінде ресми бекітілген. Бұл күн санаулы жылдар ішінде ұлт жүрегінен орын алып, елдік пен руханияттың символына айналды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі