«Қажымұқан» фильмі Италиядағы фестивальда бірнеше жүлде алды

«Қажымұқан» фильмі Италиядағы фестивальда бірнеше жүлде алды

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген «Қажымұқан» фильмі Италияда өткен XXIX Халықаралық IPAAF – Apoxiomeno кинофестивалінде биіктен көрінді.

Картинан фестивальдің басты марапаттарын жеңіп алды. Атап айтсақ, «Үздік фильм», «Ең үздік ер адам рөлі» (Ербол Төлепберген), «Үздік режиссура» (Қанағат Мұстафин) және «Үздік сценарий» (Қанағат Мұстафин, Жанат Қасабеков) номинациясын иеленді.

Фильм режиссері Қанағат Мұстафин тарихи фильм сценарийіне 2012 жылы кіріскен. 2020 жылы түсірілімін бастап, он жылдан астам уақыт зерттеу жүргізген. Соның нәтижесінде туынды өткен жылы үлкен экранға ұсынылып, прокатқа шықты.

Қажымұқан Мұңайтпасов – француз күресінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ. Ол әлемдік, өңірлік, ресейлік, кейін Бүкілодақтық супер ауыр салмақтағы классикалық күрес чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы атанған. Балуан өзінің спорттық мансабында елуге жуық медаль мен марапатқа ие болып, ұлт мақтанышына айналды.

Айта кетейік, IPAAF-Apoxiomeno фестивалі 30 жылға жуық ұйымдастырылып келеді. Италияда өтетін беделді халықаралық кинофестиваль жыл сайын кино, өнер және мәдениет саласындағы үздік туындыларды марапаттайды. Фестиваль әсіресе әлеуметтік маңызы бар тақырыптарды қозғайтын, көркемдік деңгейі жоғары және мәдени дамуға ықпал ететін шығармаларға баса назар аударады. Әр жылдары бұл фестивальде әлемнің түкпір-түкпірінен келген көрнекті өнер қайраткерлері жеңімпаз атанған.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі