Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов бастаған қазақстанстандық делегация Еуропа Кеңесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асырылып жатқан саяси реформалар туралы баяндады.
Қазақстан тарапы Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы жанындағы саяси мәселелер және демократия жөніндегі комитеттің отырысына қатысты. Жиын барысында Қазақстанда демократия, адам құқықтары мен азаматтық қоғамды дамыту бағытында реформалар жүйелі түрде іске асып жатқаны сөз етілді.
Атап айтқанда, елде бейбіт жиналыс туралы заң қабылданды, үкіметтік емес ұйымдарды тіркеу тәртібі жеңілдетілді, қазіргі таңда Қазақстанда 22 мыңнан астам ҮЕҰ тіркелдң.
Сонымен қатар, Еуропаның озық тәжірибесі негізінде әзірленген «Онлайн платформалар мен онлайн жарнама туралы» заң қолданысқа енгізілді. Бұдан бөлек, гендерлік теңдікті нығайту және тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес шаралары күшейтілді. Бұл бағытта БҰҰ-ның Әйелдер ұйымының қолдауы да бар. Елде ұлтаралық келісімді нығайту бастамалары да қолға алынған.
Кездесу аясында Қазақстан мен Еуропа Кеңесі құрылымдарының болашақтағы ынтымақтастығы талқыланды.
Сондай-ақ, Евгений Кочетов Еуропа Кеңесі Бас хатшысының орынбасары Бьерн Бергпен кездесті. Кездесуде ол Қазақстанның халықаралық серіктестерін жоғары бағалайтынын және адам құқықтары саласындағы ұстанымдарын нығайта отырып, инклюзивті саясатты дамыту бағытында жұмысын жалғастырып жатқанын атап өтті.
Кездесу соңында Бьерн Берг Қазақстанды қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы Еуропалық конвенцияға қосылуымен құттықтады. Аталған құжатқа қазіргі таңда 46 мемлекет мүше.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі