«Тұмар - 2025» Ұлттық телевизиялық сыйлығының иегерлері анықталды

«Тұмар - 2025» Ұлттық телевизиялық сыйлығының иегерлері анықталды

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Астанада «Тұмар» Ұлттық телевизиялық сыйлығының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

2025 жылғы марапат ел өміріндегі маңызды оқиғалар мен әлеуметтік бастамаларды көтерген журналистердің еңбегін бағалауға арналды.

Биыл сыйлыққа республикалық және өңірлік жетекші телеарналардан 11 номинация бойынша 300-ден астам өтінім келіп түсті. Шорт-листке 44 жұмыс енді.

Байқау жеңімпаздарына отандық телевизиялық өнер саласындағы жетістіктері үшін «Тұмар» мүсіншесі мен 1 миллион теңге көлеміндегі ақшалай жүлде табысталады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин «Хабар» агенттігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында арнайы «Тұмар-2025» сыйлығын табыстады.

Сонымен қатар арнайы сыйлық «Заң және тәртіп» қағидатын насихаттауға қосқан үлесі үшін «КТК» телеарнасына және Жеңістің 80 жылдығын кеңінен қамтығаны үшін «Еуразия Бірінші арнасына» берілді.

Айта кетейік, «Тұмар» сыйлығы 2017 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен тағайындалған. Сыйлықтың басты мақсаты – қазақстандық телевизияның сапасын арттыру және дамыту, телевизиялық контент өндіру саласындағы дарынды мамандарды қолдау және үздіктерді марапаттау. Сыйлық тағайындалғаннан бері 2 200-ден астам өтінім қабылданып, 354 жоба финалға шыққан. Ал 98 лауреат кәсіби шеберлік пен шығармашылық жетістіктің символы болған мүсіншені жеңіп алды.

«Тұмар - 2025» сыйлығының иегерлері:

Ең үздік әлеуметтік жоба - «Таза қала» - JIBEK JOLY телеарнасы

Жылдың ең үздік репортажы - «В гостях у кочевников» - МИР телеарнасы

Ең үздік ақпараттық-сараптамалық бағдарлама - «President» - 24KZ телеарнасы

Ең үздік журналистік зерттеу - «АЭС және энергетикалық қауіпсіздік» - ATAMEKEN BUSINESS телеарнасы

Жылдың ең үздік телехикаясы - «12:00» - 31 арна

Ең үздік деректі фильм - «Человек с острова Кулалы» - JIBEK JOLY телеарнасы

Ең үздік балалар тележобасы «Түркістан сақшылары» - TURKISTAN TV телеарнасы

Ең үздік өңірлік арна - Saryarqa телеарнасы –Қарағанды облысы

Ең үздік тележурналист - Бектас Ақерке – QAZAQSTAN TV телеарнасы

Ең үздік тележүргізуші - Доспаева Мөлдір –Хабар телеарнасы

Ең үздік спорттық комментатор - Ерік Ерсін –QAZSPORT телеарнасы

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі