2025 жылғы 17 наурыздан бастап «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңға өзгерістер күшіне енді. Енді Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекеттік органдардың қоғаммен маңызды ақпаратты қалай бөлісетінін бақылайды.
Тексеру қашықтан жүргізіледі — мамандар мекемелерге бармай-ақ, құжаттар мен сайттар арқылы талдайды. Тоқсанына бір рет органдардың заң талаптарын қаншалықты сақтап отырғанын қарап, қажет болса ескерту жолдайды.
Не тексеріледі:
- мекемелердегі ақпараттық стендтер;
- мемлекеттік сайттар;
- eGov порталындағы беттер;
- онлайн отырыстар мен олардың жазбалары;
- отырыстардың хаттамалары мен стенограммалары;
- азаматтарға арналған ақпараттық құжаттар.
Бірінші тоқсандағы тексерудің қорытындысы бойынша, министрлік бірнеше, әкімдік, министрлік және мәслихаттарға ескерту жіберді. Олар заңбұзушылықтарды жою жұмыстарын бастағанын хабарлады.
Мемлекет қандай шешім қабылдайды, ол шешім азаматтардың өміріне қалай әсер етеді — мұның бәрі ашық әрі түсінікті болуы керек. Бұл — қоғам сенетін мемлекет құру жолындағы тағы бір нақты қадам.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі