Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту, «Масс медиа туралы» заң, жастар мен әйелдерге арналған квоталар: БҰҰ-ның 144-сессиясында Қазақстан ұсынған негізгі реформалар

Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту, «Масс медиа туралы» заң, жастар мен әйелдерге арналған квоталар: БҰҰ-ның 144-сессиясында Қазақстан ұсынған негізгі реформалар

 

Женевада БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің 144-сессиясы аясында Қазақстанның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактті жүзеге асыру бойынша Үшінші ұлттық баяндамасы талқыланды. Қазақстан тарапынан соңғы жылдардағы негізгі реформалар ұсынылды.

Халықаралық алаңда ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов бастаған делегация қатысты. Ол гендерлік заңнаманы жетілдіру жұмыстары туралы айтып, әйелдер құқықтарын қорғау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін сөз қозғады. Атап айтсақ, әйелдерге 30% квота енгізілді. Бүгінде мемлекеттік қызметте 55,8%-ы әйелдер еңбек етеді, Парламенттегі үлесі — 19,6%. Гендерлік сараптама енгізілді, сондай-ақ елде гендерлік бағдарланған бюджетті жоспарлау мәселесі қарастырылып жатыр.

Соңғы жылдардағы басты реформалардың бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту. Қазақстан бұл заңды қатаңдатып қана қоймай, алдын алу шараларын да енгізді. Отбасын қолдау орталықтарының жұмысы оңтайландырылып, жүйеленді, қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды анықтайтын мобильді топтар құрылды, агрессорға қатысты міндетті психологиялық шаралар енгізілді.

Е. Кочетов сөз бостандығы мен азаматтық қоғамды қолдау мәселесін де атап өтті. «Масс медиа туралы» және «Онлайн платформалар туралы» заңдар қабылданды, жала жабу қылмыстық іс болып есептелмейді сонымен қатар epetition.kz платформасы іске қосылды. Қазақстанда 17 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді.

Айта кету керек, азаматтық қоғамның белсенділігі комитет тарапынан ерекше атап өтілді. Қазақстан адам құқықтары саласындағы стандарттарды нығату және ашық диалогқа дайын екенін растады.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі