2025 жылдың 24 маусымында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармония сахнасында филармонияның жетекші солистерінің қатысуымен маусымның жабылу концерті өтті.
Концерт бағдарламасы классикалық, ұлттық және заманауи музыка туындыларын қамтыды. Олардың қатарында неміс композиторы Йоганнес Брамстың «Скерцо», Кшиштов Пендерецкий «Виолончелло»және қазақ халық өнерінің бай інжу-маржандары Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу», халық әні «Япырай» және тағы да басқа солистер репертуарындағы үздік шығармалар орындалды.
Сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аида Аюпова, мәдениет қайраткері Ержан Әлімбетов, мәдениет саласының үздіктері мен халықаралық байқаулардың лауреаттары да өнер көрсетті.
Ғасырға жуық тарихы бар Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының басты мақсаты — классикалық және дәстүрлі қазақ өнерін кеңінен насихаттау. Осы бағытта филармонияның шығармашылық ұжымдары жыл бойына мазмұнды концерттер беріп, репертуарларын рухани құндылығы жоғары музыкалық туындылармен байытып келеді.
Биылғы маусым филармония үшін табысты әрі жемісті жыл болды. Қыркүйек айында пианист Жанар Сүлейманова Лондонда өткен «Golden Time Talent» халықаралық байқауында жүлделі І орынды иеленсе, Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында солист Ермек Құрманаев «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», Мақпал Қазыбекқызы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі