2025 жылғы 24 маусым күні онлайн форматта Орта Азия мен Ресейдің үш консерваториясы: Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Өзбекстан мемлекеттік консерваториясы, Л. В. Собинов атындағы Саратов мемлекеттік консерваториясы арасындағы халықаралық ынтымақтастық аясында әзірленген ғылыми-әдістемелік құралдың тұсаукесері өтті.
«Ұлттық фортепианолық мектептер» халықаралық жобасы – ауқымды зерттеу және көркем-педагогикалық жұмыстардың нәтижесі. Алғаш рет бірыңғай мультимедиалық басылымда Қазақстан, Өзбекстан және Ресей композиторларының заманауи фортепианолық шығармалары нотада, ғылыми-әдістемелік талдауда және QR-кодтар арқылы қолжетімді түрде ұсынылды.
Басылымға ғылыми мақалалар мен әдістемелік кеңестер, үш мемлекеттің 17 композиторының заманауи туындылары, ноталар мен интерпретациялардың бейнежазбалары енді. Жинақ педагогтер мен студенттерге және кең ауқымды кәсіби аудиторияға қолжетімді.
Онлайн-презентацияға әртүрлі елдерден білім беру және ғылыми қауымдастықтардың өкілдері, студенттер, педагогтер мен музыканттар қатысты. Олар жобаның өзектілігін және оның Еуразия кеңістігіндегі кәсіби әрі мәдени байланыстарды нығайтудағы маңызын атап өтті.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі