2025 жылғы 20 маусым күні Көкшетау қаласында «Халықтың азаматтық мәдениеті – өңірдегі өмір сүру сапасын арттырудың негізі» тақырыбында Ақмола облысының XII Азаматтық форумы өтті.
Форумның мақсаты – азаматтық мәдениетті нығайта отырып тұрғындарды қоғамдық өмірге араластыру және әлеуметтік мәселелерді шешуге өңір әлеуетін тарту.
Форум аясында бірқатар секциялық отырыстар өтті. Атап айтқанда, Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының бірінші кезеңін іске асыру қорытындысы және екінші кезеңге арналған ұсыныстар талқыланды, ҮЕҰ туралы заң жобасы бойынша пікір алмасу ұйымдастырылды. Сонымен қатар, халықтың құқықтық мәдениетін арттыру, инклюзивті қоғам қалыптастыру, жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру және үкіметтік емес ұйымдарды жаңа еңбек нарығына бейімдеу мәселелері де кеңінен талқыланды.
«Tomorrow-х кәсіптер» тақырыбы аясында жасанды интеллект, креативті индустрия және цифрлық дағдылар бойынша арнайы секция өткізіліп, заманауи талаптарға бейімделудің жолдары қарастырылды.
Форумның пленарлық отырысында өңірлік бастамаларды қолдаудың, құқықтық және институционалдық негіздерді нығайтудың маңызы сөз етілді.
Форум соңында Ақмола облысының XII Азаматтық форумының Қорытынды қарары қабылданды. Онда айтылған ұсыныстар мен бастамалар республикалық деңгейде өтетін XII Азаматтық форумға жолданатын болады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі