Ресейдің тарихи Үлкен театрында хореография саласындағы әлемдегі ең беделді марапаттардың бірі — Benois de la Danse 2025 сыйлығын марапаттау рәсімі мен Гала-концерт өтті. Бұл сыйлықты бейресми түрде «Балеттегі Оскар» деп те атайды.
«Астана Балет» театрының бас балетмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мукарам Авахри мен жетекші солист Сүндет Сұлтанов аталған байқаудың дипломанттары атанды. Олар «Сакралды билер» балетінен алынған «Qash» үзіндісін ұсынды. Аталмыш қойылым – «Астана Балет» театры мен Almaty Theatre бірлесіп сахналаған ортақ жоба. Заманауи хореография мен ұлттық нақыштарды үйлестірген бұл қойылым кәсіби ортада жоғары бағаланып, көрермен көңілінен шықты.
Сүндет Сұлтанов «Ең үздік биші» номинациясы бойынша дипломант атанды. Театрдың жетекшісі солисті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айнұр Әбілғазинамен дуэт орындап, хореограф Кристина Паулиннің «Декабрьский дождь» балетінен үзінді көрсетті. Қойылым Фредерик Шопен мен Дэвидсон Джаконеллоның музыкасына қойылған. Әртістердің сахналық образы, ішкі драматизмі мен техникалық шеберлігі көрермен мен кәсіби қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланды.
Benois de la Danse фестиваліне қатысу — Қазақстан балет мектебінің жоғары деңгейін айқындайтын маңызды жетістік және еліміздің заманауи хореографиясының халықаралық сахнада лайықты орны бар екенін дәлелдейді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі