Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін насихаттау мақсатында семинар-дәріс өтті. Іс-шараны «Геральдикалық зерттеулер орталығы» ұйымдастырып, Qazaq Kuresi Ассоциациясы қолдау көрсетті.
Семинарға спортшылар, жаттықтырушылар және федерация өкілдері қатысты. Қатысушыларға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Әнұранының тарихы, символикалық мағынасы және қолданылу тәртібі туралы кең көлемде ақпарат берілді. Сондай-ақ рәміздерді қолдану тәртібі мен жауапкершілік мәселелері де сөз болды.
Қатысушылар аталған семинардың спортшылардың дүниетанымын кеңейтіп, елге деген құрмет сезімін арттыруда маңызды екенін атап өтті. Мемлекеттік рәміздерді жан-жақты тану – ұлттық бірегейлік пен патриоттық тәрбиенің берік негізі екені айтылды.
Семинардың негізгі мақсаты – спортшылар арасында патриоттық рух пен ұлттық бірегейлікті нығайту, мемлекеттік рәміздердің мән-маңызын кеңінен түсіндіру және ел тарихына деген құрметті арттыру болды.
Іс-шара «Менің Қазақстаным» патриоттық акция аясында өткізіліп отыр. Аталған акция еліміздің мектептері мен жоғары оқу орындарында, әскери бөлімшелер мен спорт федерацияларында жүйелі түрде жалғасып келеді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі