Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Петропавл қаласындағы Qyzyljar Creative Center креативті орталығында Yandex Qazaqstan акселерациялық апталығы басталды.
Оқыту бағдарламасына Қазақстанның барлық өңірінен келген креативті индустрия өкілдері қатысып жатыр. Оның ішінде тәжірибелі мамандар мен жас креаторлар да бар.
Бағдарламаның мақсаты – креаторларға шығармашылығынан табыс табуды үйретіп, инвестиция тарту үшін білім мен қажетті құрал ұсыну. Сонымен қатар, қатысушылар креативті қызмет бойынша құқықтық біліктілігін арттырады. Атап айтсақ, зияткерлік меншік құқығын қорғау, авторлық құқық және салық мәселелерімен танысады.
Акселерация аясында отандық және шетелдік киноөндіріс мамандарының шеберлік сабақтары өтеді. Сонымен қатар, Қазақстандағы креативті хабтардың резиденттеріне арналған онлайн трансляция жүргізіледі.
Іс-шара аясында «Кинодағы Абай бейнесі», «Қазақстандағы сериалға продюсерлік ету», «Анимациядағы коммерция мен шығармашылық», «Режиссер шығармашылығындағы өрлеу мен құлдырау», «Креаторларға арналған маркетинг» және т.б. тақырыптар бойынша шеберлік сабақтары өтіп жатыр.
Бұл – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Yandex Qazaqstan бірлесіп ұйымдастырған алғашқы акселерациялық бағдарлама. Алдағы уақытта оқыту тағы бес өңірде жалғасатын болады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі