2025 жылғы 5–15 маусым аралығында еліміздің бірқатар өңірлерінде «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында ұйымдастырылған «Қоғамдық эко-бақылау» республикалық акциясы өтті.
Науқан шеңберінде Қостанай, Түркістан, Павлодар, Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент және Астана қалаларының Қоғамдық кеңес мүшелері туристік және тарихи-мәдени нысандарға мониторинг жүргізіп, олардың санитарлық жағдайы мен абаттандырылу деңгейін бағалады.
Мониторинг жүргізілген орындардың қатарында Шымкент қаласындағы «Ескі қала», Қостанай облысындағы Алексеев археологиялық кешені, Астанадағы Бауыржан Момышұлы көшесінің бойы, Түркістан облысындағы «Жүсіп ата» кесенесі мен «Ақмешіт» жерасты үңгірі бар. Сонымен қатар,«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы,«Қаздар қонысы» табиғи ескерткіші және «Тектұрмас» этно-тарихи кешені қамтылды.
Мониторинг қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес мүшелері тазалық деңгейін арттыру, жасыл желектер отырғызу, демалыс аймақтарының инфрақұрылымын жақсарту бойынша нақты ұсыныстар әзірледі. Сонымен қатар бірқатар өңірлерде абаттандыру жұмыстарына да тікелей атсалысты.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі