Медиаторлар ұйымдарымен өзара іс-қимыл жөніндегі Үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы онлайн форматта өтті

Медиаторлар ұйымдарымен өзара іс-қимыл жөніндегі Үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы онлайн форматта өтті

Бүгін, 17 маусым күні медиация саласындағы уәкілетті орган жанынан құрылған Медиатор ұйымдарымен өзара іс-қимыл жөніндегі Үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы өтті.

Аталған кеңес ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығына сәйкес құрылды. Оның басты мақсаты – мемлекет пен кәсіби медиаторлар арасындағы тиімді диалогты жолға қою, медиация институтын дамытуда бірыңғай тәсілдерді қалыптастыру және салалық заңнаманы жетілдіруге ықпал ету. Кеңес құрамына уәкілетті орган өкілдері мен ресми тізілімге енгізілген медиатор ұйымдарының өкілдері енді.

Кеңес отырысын ашқан Үйлестіру кеңесінің төрағасы Айзада Құрманова қатысушыларға алғысын білдіріп, медиация институтының тиімді дамуы қоғамның соттан тыс дауларды шешу тетіктеріне деген сенімін арттыратынын жеткізді.

Отырыс барысында Кеңестің 2025 жылға арналған жұмыс жоспары бекітіліп, бірқатар ұйымдастырушылық мәселелер қаралды. Сонымен қатар, жеке медиаторлардың әрекеттеріне байланысты азаматтардан келіп түсетін шағымдарды қарау мәселесіне ерекше назар аударылды.

Талқылау қорытындысы бойынша мұндай өтініштерге жауап беру тетіктерін әзірлеу туралы шешім қабылданды.

Жиын шеңберінде медиаторларды оқыту тәртібін жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат ұсынылды. Аталған бағыттағы жаңартылған ережелер Парламентаризм институты жанындағы жұмыс топтарында бірнеше мәрте қаралып, қазіргі уақытта тиісті мемлекеттік органдармен келісу процесінен өтуде. Ереженің жаңа редакциясы медиаторларды даярлау сапасын арттыруға, оқу бағдарламалары мен оқытушылар құрамына қойылатын талаптарды күшейтуге бағытталған.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі