Елордада Фуат Мансұровты еске алу кеші өтті

Елордада Фуат Мансұровты еске алу кеші өтті

Астанада Қазақстан, Ресей және Татарстан халық әртісі, әлемге танымал дирижёр, көрнекті өнер қайраткері Фуат Мансұровты еске алуға арналған музыкалық кеш өтті.

Концертте әлемдік және ұлттық классикалық музыка туындылары орындалды. Атап айтсақ, Батыс Еуропа симфониялық шығармаларынан бастап, қазақ және шығыс музыкалық мәдениетінің жарқын үлгілеріне дейін көрерменге ұсынылды.

Концертке Қазақстан мен Татарстанның халық әртістері, мәдениет саласының еңбек сіңірген қайраткерлері, жетекші филармониялар мен оркестрлердің солистері қатысты.

Фуат Мансұров - посткеңестік және жаһандық музыкалық кеңістіктегі айрықша тұлға. Ол симфониялық және опера өнерінің өркендеуіне зор үлес қосып, Ресей, Қазақстан, Еуропа мен Азияның таңдаулы оркестрлерін басқарды. Маэстро классикалық туындыларға терең бойлап, ұлттық музыкаға деген шынайы сүйіспеншілігімен ерекшеленді. Ол дирижёрлік өнердегі кәсібилігімен, өмірлік парасат-пайымымен, рухани биік тұлға ретінде ел есінде қалды.
Іс-шара аясында зал фойесінде маэстроның шығармашылық жолына арналған фотокөрме ұйымдастырылды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі