«Салтанат» би ансамблінуң әртістері гастрольдік сапармен Түркістан мен Шымкент қаласында өнер көрсетті. Ұжым көрерменге ансамблдің 70 жылдығына арналған «Би керуені» атты концерттік бағдарламасын ұсынды.
Кештің шымылдығы «Ел салтанаты» би қойылымымен ашылды. Балет әртістері мың бұрала билеп, қазақ халқының және әлем халықтарының биін асқан шеберлікпен орындады. Аталған іс-шарада «ҚР Мәдениет қайраткері», «Құрмет» орденінің иегері, әнші Өмірқұл Айниязов «Түркістан», «Қазақстан-Атамекенім» әндерін шырқады. Кешке жиналған көрермен ерекше әсерге бөленіп, өнер ұжымына құрмет-қошемет көрсетті.
Ансамбльдің балет артистері гастрольдік сапар кезінде Түркістан қаласының тұрғындарымен Димаш Құдайбергеннің «Тау ішінде» әніне флешмоб түсірді. Ансамбль өскелең ұрпаққа ғажайып өнер арқылы эстетикалық тәрбие беріп, жастардың ұлттық патриоттық сана сезімін қалыптастыру жолында аянбай еңбек етіп келеді.
«Би керуені» жобасы аясында Түркістан мен Шымкент қалаларында шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, өңірдегі би ұжымдарына тәжірибелі мамандар би өнерінің қыр-сырын бөлісті. Іс-шараға 300-ден аса хореограф қатысты. Әр қатысушыға тегін сертификат табысталды. Бұл жоба күзде Батыс, Шығыс, Солтүстік Қазақстан өңірінде жалғасын табады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі