Ұлттық киноны қолдау орталығының питчингіне 99 жоба қатысуда

Ұлттық киноны қолдау орталығының питчингіне 99 жоба қатысуда

Алматы қаласында 9-12 маусым аралығында киножобаларды ашық қорғау өтіп жатыр. Питчингке Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының екі кезең бойынша іріктеуінен сәтті өткен 99 жоба қатысуда. Барлық процесс Кино орталығының ресми YouTube арнасында тікелей эфирде көрсетіліп жатыр.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағалидің айтуынша, мемлекет қаржысына түсірілетін фильмдердің мазмұны мен сапасы жоғары деңгейде болуы тиіс.

Естеріңізге сала кетейік, конкурсқа өтінім қабылдау 13 наурызда аяқталды. Биыл көркем, деректі және анимациялық фильм секцияларында барлығы 444 өтінім келіп түсті. Оның ішінде 357 жоба Сараптама кеңесінің қарауына жіберілді. Бағалау нәтижесінде 128 сценарий мен сценарий жоспары екінші кезеңге өтті. Құжаттардың толық пакетін тапсырған соң 99 жоба питчингке жолдама алды.

Сараптама кеңесі жобаларды бағалау барысында бірқатар негізгі критерийлерге назар аударды. Атап айтсақ, бекітілген басым тақырыптарға сай болу, сценаридің тұжырымдамалық деңгейі, сюжет динамикасы мен драматургиялық құрылымы, техникалық мазмұны және кейіпкерлер бейнесінің терең ашылуы ескерілетін болады.

Сараптама кеңесі іріктеген жобаларға мемлекеттік қаржылай қолдау көрсетіледі және туынды ұлттық фильм мәртебесіне ие болады.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі