Халықаралық архивтер күніне орай Вильнюс қаласында Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазбалар архиві мен Литваның Орталық мемлекеттік архиві арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Құжат тәжірибе алмасуға, бірлескен жобаларды іске асыруға және архив саласындағы кәсіби өзара іс-қимылды дамытып, Қазақстан мен Литва арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Салтанатты іс-шара аясында «Қазақ даласы мәдениетіндегі әйел рөлі (XIX ғасырдың соңы – XX ғасырдың басы)» атты халықаралық фотокөрменің ашылуы өтті. Көрмеге қазақстандық архив қорынан алынған тарихи фотоматериалдар қойылып, көпшілікке қазақ әйелдерінің қоғамдық өмірдегі ерекше орны мен рөлі көрсетілді. Көрме Литва архивистерінің қолдауымен әзірленіп, алғаш рет халықаралық аудиторияға ұсынылды.
Жиында Литваның Орталық мемлекеттік архивінің директоры Далиус Жижис пен Қазақстан Елшісі Тимур Оразаев құттықтау сөз сөйледі. Қазақстандық делегация архив қызметі мен халықаралық жобаларға тоқталды.
Іссапар аясында отандық мамандар Вильнюс, Каунас және Клайпеда қалаларындағы архив мекемелерінде болды. Екі ел арасындағы әріптестікті дамыту мақсатында архив қызметкерлерімен кәсіби кездесулер өткізіліп, фотокөрмелер мен киноқұжаттар көрсетілімдерін бірлесіп ұйымдастыру, аудиовизуалды құжаттармен алмасу және құжаттарды цифрландыру саласындағы тәжірибе алмасу бағыттары талқыланды.
Айта кетейік, 10–11 маусым күндері архив мамандары Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қатысты материалдарды анықтау мақсатында Литва архивтерінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Ал 12 маусым күні Каунас қаласында аталған фотокөрме қайта таныстырылады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі