Қазақстан мен Италия мәдениет саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтпек

Қазақстан мен Италия мәдениет саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтпек

2025 жылғы 4 маусымда ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Неаполь қаласында өткен ЮНЕСКО-ның «ХХІ ғасырдағы мәдени мұра» атты екінші конференциясына қатысты.

Конференцияға қатысушылар мәдени мұра нысандарын дамыту, сақтау және қорғау, дәстүрлерді қолдау, сондай-ақ білім беру мен жастар бағдарламаларын жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Министрдің айтуынша, бұл міндеттерді іске асыру – министрліктің басым бағыттарының бірі. Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай алаңында бірнеше рет мәдени мұраны сақтау мен насихаттаудың маңызына назар аударған болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар ел үкіметі бекіткен Кешенді жоспар аясында жүзеге асырылады.

Конференция барысында Аида Балаева мәдени мұра нысандарына климаттың әсері туралы мәселені де көтерді. Мысал ретінде ол су тасқыны, дауыл, өрт және топырақ эрозиясы сияқты табиғи құбылыстар ескерткіштердің жедел бұзылуына әсер ететінін атап өтті.

«Барлығымыз күш-жігерді біріктіріп, түрлі елдер экологтарының болашақтағы экологиялық жағдай туралы болжамдарын талқылап,
мұрамызды сақтау жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуге бағытталған арнайы халықаралық семинар өткізуді ұсынамын», – деді Аида Балаева.

Сапар аясында Аида Балаева Италияның мәдениет министрі Алессандро Джулимен кездесу өткізді. Тараптар мәдени-гуманитарлық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен келешегін талқылап, екі ел арасындағы әріптестікті кеңейтуге бағытталған нақты қадамдарды бекітті.

Министрдің айтуынша, Қазақстан мен Италияны достық және өзара сенімге негізделген қарым-қатынас байланыстырады. Жоғары деңгейде жасалған өзара келісімдер мен ортақ жоспарлар да соның дәлелі. Атап айтсақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Италияға жасаған сапары аясында мәдениет пен өнер саласындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелонидің жуырдағы сапары ынтымақтастықты нығайтуға жаңа серпін берді.

Соған сәйкес, екі елдегі әртістердің гастрольдері, бірлескен көрмелер өткізу, Қазақстан мен Италияның ұлттық музейлері мен театр ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты тереңдету, сондай-ақ музыка мен кинематография саласындағы өзара байланыс жоспарланған.

Сонымен қатар, тараптар реставрация саласындағы әріптестікті кеңейту және Қазақстанда Реставрация орталығын ашу бойынша бірлескен жұмыстарды талқылады. Аида Балаеваның айтуынша, Италияның бұл салада жетістігі мол, бұл білім мен тәжірибе алмасу үшін көп мүмкіндік береді.

Кездесу соңында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі мәдениет саласындағы тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға қызығушылық білдіріп, италиялық әріптесін Қазақстанға шақырды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі