Алматыда жас суретшілердің пленэрлік жұмыстар көрмесі өтті

Алматыда жас суретшілердің пленэрлік жұмыстар көрмесі өтті

26-30 мамыр аралығында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында «Филармония жас суретшілер көзімен» атты пленэрлік жұмыстардың көрмесі өтті.

Іс-шара ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен филармонияның 90 жылдық мерейтойына орай жас суретшілердің өнерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

Көрмеге Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мектеп-интернат, колледжі және О. Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледждерінің студенттері қатысты. Олар ғасырға жуық тарихы бар филармония ғимаратының іші мен сыртқы көрінісін өзіндік көзқараспен бейнеледі. Жас суретшілердің салған туындылары филармония фойесіне қойылды.

«Филармония жас суретшілер көзімен» жобасы – мәдениет пен өнер саласындағы ұрпақтар сабақтастығын нығайтудың және жас дарындарды қолдаудың айқын көрінісі. Ұлттық мәдениетімізді ұлықтап, ұрпаққа ұлттық құндылықтарды насихаттау жолында қара шаңырақта әлі де игі бастамалар жалғасын табады.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі