Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығы: Екі елдің этносаясат мәселелері талқыланды

Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығы: Екі елдің этносаясат мәселелері талқыланды

Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы мемлекетті басқару және гуманитарлық байланыстарға арналған симпозиум аясында жиын өтті. Іс-шара барысында ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов Қытай Халық Республикасының Ұлт істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының вице-министрі және Коммунистік партия жетекші тобының мүшесі Го Вэйпинмен кездесті.

Кездесудің негізгі тақырыбы — тату көршілік қатынастарды нығайту мәселелері. Тараптар өзара тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, соның ішінде этносаралық келісім саясаты бойынша ғылыми бағытта ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін білдірді.

Евгений Кочетов Қазақстан жалпыұлттық келісімнің үлгісі ретінде ашық диалог пен ынтымақтастыққа әрдайым дайын екенін атап өтті. Вице-министр бірлескен жұмыс көпұлтты қоғамда бейбітшілік пен келісім орнатуда ықпал ететініне сенім білдірді.

Го Вэйпин қазақстандық тараптың ұсыныстарын жоғары бағалап, екіжақты диалогты нығайту екі елдің тәжірибесін арттырып қана қоймай, өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа да әсер ететінін атап өтті.

Перспективалы бағыттардың бірі ретінде этносаясат мәселелеріне арналған бірлескен ғылыми конференция, семинар, сарапшылық кездесу және басқа да іс-шаралар өткізу ұсынылды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі