9-12 маусым аралығында Алматыда киножобалар конкурсының екі кезеңінен сәтті өткен жобалардың питчингі өтеді. Биылғы питчингте 99 жоба қорғалады.
Қорғау Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының ресми YouTube арнасында тікелей эфирде көрсетіледі.
Байқауға қатысуға өтінім қабылдау 5 наурызда басталды. Көркем, деректі және анимациялық фильм секцияларында 444 жоба тіркелді. Бағалау нәтижесі бойынша 128 жоба екінші кезеңге өтіп, қатысушылар толық құжаттар пакетін ұсынды. Нәтижесінде 99 киножоба питчингке жолдама алды.
Қаңтар айында Кино орталығы ұлттық идеологияға сай келетін, өзекті мәселелерді көтеретін басым тақырыптарды жариялаған болатын. Аталған тақырыптар бойынша сценарийлер байқауға қатысып, мемлекеттік қаржылай қолдауға үміткер болуға мүмкіндік алды. Басым тақырыптардың қатарында тарих, танымал тұлғалар, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, табиғи байлықты сақтау, экология және туған өлкенің көркем табиғаты бар.
Айта кетейік, киножобаларды іріктеу конкурсы барысында Астанадағы Орталық кеңседе, телефон, оффлайн кездесу және әлеуметтік желідегі кері байланыс арқылы консультация жұмыстары жүзеге асты.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі