Астанада «Ұстаным» ұлттық пікірталас клубының «Үкіметтік емес ұйымдарды тіркеу мәселелері: заңнаманы жетілдіру аясында» тақырыбындағы отырысы өтті.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, ҮЕҰ туралы заңнамаға өзгерістер әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының мүшелері, құқықтық сарапшылар, аналитиктер және азаматтық сектордың өкілдері қатысты.
Талқылау барысында ҮЕҰ-ны тіркеуге қатысты құқықтық және әкімшілік рәсімдерге байланысты негізгі мәселелер қозғалды. Қатысушылар үкіметтік емес ұйымдардың құқықтық мәртебесін, қызмет ету саласы мен географиясын айқындау тәртібін, сондай-ақ филиалдар мен өкілдіктер ашу ережелерін қарастырды. Ерекше назар ұйымдардың бастапқы тіркелген өңірден тыс жерлерде қызметін кеңейту кезіндегі кедергілерге аударылды.
Қатысушылар бұл саладағы құқықтық нормаларды біріздендіру мен нақтылаудың маңыздылығын атап өтті. Бұл рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етіп, әкімшілік талаптарды жеңілдетуге және үкіметтік емес сектордың дамуына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Отырыста қозғалған мәселелер Мемлекет басшысының IV Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларын іске асыру аясында, атап айтқанда, үкіметтік емес сектор мен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс саласындағы заңнаманы жетілдіру бағытында қарастырылды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі