Афинада қазақ киносының күндері өтті

Афинада қазақ киносының күндері өтті

2025 жылдың 26–28 мамыр аралығында Грекия астанасы Афинада қазақ киносының күндері өтті. Іс-шара аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының қолдауымен түсірілген фильмдер грек көрерменіне ұсынылды.

Фестиваль бағдарламасына Қазақстан тарихы, мәдениеті мен халық батырлары туралы баяндайтын классикалық және заманауи фильмдер кірді. Кино күндері сақ патшайымы, еркіндік пен батылдықтың символына айналған Томирис туралы тарихи драма «Томирис» фильмінің көрсетілімімен басталды. Бұл туынды фестиваль қонақтары тарапынан қызығушылық тудырды. Сол себепті фильмді Грекияда прокатқа шығару мүмкіндігі туралы келіссөз жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ көрерменге аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамбліне арналған кинотуындысы мен «Қазақфильм» қайта қалпына келтірген қазақ киносының классикасы «Менің атым Қожа» фильмі көрсетілді.

Көрсетілімнен кейін қазақстандық актерлер мен режиссерлер және грек киноиндустриясының өкілдері қатысқан шығармашылық кездесулер мен пікірталастар ұйымдастырылды. Фестивальге қатысушылардың пікірінше, мұндай мәдени алмасу шаралары – Қазақстан мен Грекия халықтарының арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтудың тиімді жолы.

Осылайша, Афинада өткен қазақ киносының күндері грек көрерменінің ерекше ықыласына бөленіп, екі ел арасындағы мәдени байланысты одан әрі нығайта түсті.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі