«Қолөнершілер үйі»: Жамбыл облысында креативті хаб ашылды

«Қолөнершілер үйі»: Жамбыл облысында креативті хаб ашылды

Тараз қаласында «Қолөнершілер үйі» атты жаңа креативті хаб ашылды.

Бұл шығармашылық кеңістік Мемлекет басшысының тапсырмасымен ашылды. Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев креативті индустрияның Қазақстан экономикасы дамуының маңызды бағыттарының біріне айналатынына сенім білдірді және барлық өңірде осындай арнайы хабтар ашуды тапсырған болатын.

Тараздағы «Қолөнершілер үйі» — елімізде ашылған 15-ші хаб. Бұл шара Жамбыл облысында креативті индустрияның дамуына жаңа серпін берері сөзсіз. Орталық — жергілікті креативті жандардың білімін шыңдап, тәжірибе алмасып, шығармашылық әлеуетін ашатын алаң ғана емес, сонымен қатар бұл хаб шығармашыл жандарға арналған біртұтас қолдау жүйесінің бір бөлігі болады.

Бүгінде креативті хаб өңірдегі 190 қолөнерші мен креативтік нарықтың өзге де өкілдерін біріктіріп отыр. Мұнда олардың шеберлігін дамытуға, табыс табуға және өзара байланыс орнатуға барлық жағдай жасалған.

Айта кетейік, 2022 жылы Тараз қаласы ЮНЕСКО-ның «Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы» тізіміне енген алғашқы қазақстандық қала болды. Қазір қала ЮНЕСКО-ның «Креативті қалалар» тізіміне қосылуға дайындық жүргізіп жатыр.

Еске салайық, биыл креативті индустрияны қолдау және дамыту туралы Заң қабылданды. Сондай-ақ жаңа Бюджет кодексіне сәйкес, ұлттық лотерея операторы табысының 3%-ын тоқсан сайын Креативті индустрияларды дамытуға қолдау көрсету корпоративтік қорына бөлінетін болады. Бұл қор 2025 жылғы шілде айында жұмысын бастайды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі