БҰҰ Жастар бюросы Қазақстанның жастар саясаты тәжірибесін зерттеуде

БҰҰ Жастар бюросы Қазақстанның жастар саясаты тәжірибесін зерттеуде

Астана қаласында ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов пен БҰҰ Бас хатшысының Жастар ісі жөніндегі көмекшісі Фелипе Паульердің кездесуі өтті. Тараптар жастар саясаты саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.

Евгений Кочетов Қазақстандағы мемлекеттік жастар саясатының негізгі қағидаттарына тоқталып, бұл саясаттың «жастар үшін емес, жастармен бірге» қағидатына негізделгенін айтты. «Яғни, жастардың өзі өзекті мәселелерін көтеріп, жұмыс бағыттарын белгілейді», – деді вице-министр.

«Қазақстанда Мемлекет басшысының жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес табысты жұмыс істеп келеді. Кеңес – тек кеңес беруші орган ғана емес, мемлекеттік бағдарламалар мен заң жобаларын әзірлеуге тікелей қатысады. Кеңес аясында нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес, сондай-ақ заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы кешенді жоспарлар жасалған»,– деп атап өтті Евгений Кочетов.

Елімізде мемлекеттік саясатқа жастар белсенді түрде  араласады. Оған дәлел– «Президенттік жастар кадрлық резерві» жобасы. Сонымен қатар, Қазақстан заң шығару органдарында жастарға 30% квота берілген.

Бүгінде елімізде 231 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтар – мемлекет пен жастар арасындағы негізгі байланыс тетігі. Ал жастар саясаты бойынша жұмыс бағыты 2023–2029 жылдарға арналған Тұжырымдама аясында іске асуда.

Фелипе Паульер Қазақстанның жаһандық жастар мәселелеріне белсенді араласуын ерекше атап өтті. Ол БҰҰ-ның мақсаты – жастардың жан-жақты дамуына тең жағдай жасау және оларды маңызды шараларға араластыру қажет екенін айтты.

«Біз жастарды әлемдік мәселелерді шешуге үлес қоса алатын маңызды күш деп санаймыз. Атап айтсақ, тұрақты даму, бейбіт өмір, қауіпсіздік, адам құқықтары мен көмек көрсету сияқты салалары. Сондықтан жастардың осы істерге белсенді және тиімді қатысуына мүмкіндік жасау — басты мақсатымыз», – деді БҰҰ Жастар бюросының басшысы.

БҰҰ Жастар бюросы Қазақстанда бірқатар зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр. Нәтижелерге сүйене отырып, тараптар ынтымақтастықтың келесі кезеңдерін талқылайды. Жұмыс сапары аясында Фелипе Паульер Алматыда жастармен және студенттермен кездесулер өткізеді.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі