2025 жылдың 25 мамырында Алматы қаласында VII Халықаралық «Ортеке» қуыршақ театрлары фестивалінің салтанатты жабылу рәсімі өтті.
Бұл ауқымды мәдени іс-шара Қазақстанмен қатар Грузия, Түркия, Өзбекстан және Әзербайжаннан келген кәсіби қуыршақ театрларын біріктіріп, ұлттық дәстүрлер мен заманауи театр өнерінің жарқын үлгісін паш етті.
Бес күн бойы қатысушылар үздік қойылымдарды көрермен назарына ұсынды.
Фестиваль аясында аталған елдердің режиссерлері, актерлері, театртанушылары мен сарапшыларының қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Онда қуыршақ театрының дамуы бойынша өзекті мәселелер, театр сыны, дәстүр мен заманауи көркемдік тәсілдердің өзара байланысы талқыланды.
Фестивальдің қазылар алқасы құрамына Қазақстан, Молдова, Тәжікстан және Түркиядан келген сарапшылар кірді.
Фестиваль жеңімпаздары түрлі номинациялар бойынша анықталды. Атап айтсақ, «Ең үздік спектакль» номинациясы бойынша Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры (Қазақстан) Н. Гогольдің шығармасы бойынша қойылған «Шекпен» спектаклі, «Ең үздік режиссерлік жұмыс» номинациясы бойынша Димитрий Хвтисиашвили мен Гиа Марганияни, Нодар Думбадзе атындағы Мемлекеттік кәсіби жастар театры (Грузия) «Отелло» спектаклі, «Ең үздік актерлік жұмыс» номинациясы брйынша Ержан Биғашев, Маңғыстау облыстық қуыршақ театрының актері (Қазақстан) – Ю. Поспелованың пьесасы бойынша қойылған «Дос іздеймін» спектаклі, «Ең үздік суретші жұмысы» номинациясымен Батуми Мемлекеттік кәсіби қуыршақ және жастар театры (Грузия) «Отбасы» спектаклі, (сценографиясы И. Киквадзе мен Н. Сабашвилидікі) «Ең үздік актерлік ансамбль» аталымы бойынша Қостанай облыстық қуыршақ театры (Қазақстан) Николоз Сабашвилидің пьесасы бойынша қойылған «MEN…» спектаклі марапатталды.
«Ортеке» фестивалі тағы бір мәрте театр өнерінің дамуына және мәдениеттер арасындағы байланысты нығайтуға ықпал ететін халықаралық мәдени алаңға айналды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі