Аида Балаева Италияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Антонелло Де Риумен кездесті

Аида Балаева Италияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Антонелло Де Риумен кездесті

2025 жылғы 23 мамырда ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Италияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Антонелло Де Риумен кездесті.

Кездесу барысында Аида Балаева мәдениет саласындағы өзара ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен перспективалары жайлы сөз қозғады.

«Президентіміздің Италияға сапары барысында мәдениет және өнер саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат бүгінде өз нәтижесін берді. Екі ел арасында тығыз мәдени байланыс орнап, өнерді дамыту бағытында белсенді ынтымақтастық жүріп жатыр. Ауқымды әрі маңызды оқиғалардың бірі – Қазақстанның 60-шы Венеция биенналесіне қатысуы. Онда Ұлттық павильонымыз көпшілік назарына ұсынылды», – деді Аида Балаева.


Сонымен қатар Қазақстанда, ҚР Ұлттық музейінде Леонардо да Винчидің XV ғасырдағы бірегей туындысы – «Әдемі ханшайым» («La Bella Principessa») картинасының көрмесі өтті.

Кездесу барысында тараптар Италияның Орталық реставрация институтының қолдауымен Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Реставрация орталығын құру жоспарланғанын мәлімдеді.

Жиында ынтымақтастықты нығайту мәселелері және алдағы бірлескен іс-шаралар жоспары да талқыланды.

Бұдан бөлек отырыста 27-28 маусым күндері Римде атақты әнші Андреа Бочеллидің концерті өтетіні де сөз етілді. Сол кеште сахнаға қазақстандық опера әншісі Әйгерім Алтынбек те бірге өнер көрсетеді. Ол өткен жылы әнші-композитор Джакомо Пуччинидің 100 жылдығына арналған халықаралық опера байқауында жеңімпаз атанған болатын. Ал 25 маусымда әнші Астанада әйгілі испан теноры Хосе Каррерастың концертінде өнер көрсетеді.

Министр Италияда Қазақстан киносы мен сән күндерін өткізуді ұсынды. Бұл шаралар италиялық көрерменнің Қазақстан мәдениеті мен заманауи өнеріне қызығушылығын арттырып, кинематографтар мен дизайнерлер арасындағы байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.

Сондай-ақ тараптар кино, креативті индустрия, жастар саясаты, волонтерлік қозғалыс және бұқаралық ақпарат құралдары салаларындағы ынтымақтасты одан әрі нығайту туралы өзара келісімге келді.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі