Кореяда Қазақстанның креативті нарығының инвестициялық әлеуеті таныстырылды

Кореяда Қазақстанның креативті нарығының инвестициялық әлеуеті таныстырылды

Қазақстандық делегация Сеул қаласында Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері мен елдің Орталық Азия экономикасындағы рөлін таныстырды. AIFC CONNECT: SEOUL 2025 көшпелі іс-шарасын Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Кореядағы Қазақстан Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Іс-шара инвестиция тарту мен іскерлік байланыс орнатуға бағытталған. Оған Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның ірі бизнес өкілдері, инвестициялық банктері, халықаралық қаржы, құқық және консалтинг компанияларының өкілдері қатысты.

Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов қатысып, еліміздің креативті нарығының әлеуетін таныстырды. Ол Қазақстан мен Корея арасындағы мәдени және экономикалық өзара байланыста креативті саланың ерекше рөл атқаратынын атап өтті.

«Қазақстан креативті индустрия саласындағы бірлескен бастамаларға ашық. Біз АХҚО базасында тұрақты қаржы инфрақұрылымын құрдық, заңнамамызды үздік халықаралық стандарттарға сәйкестендірдік және бай адами капиталымызбен – дарынды, креативті, мақсатына жететін азаматтарымызбен мақтанамыз. Біздің ынтымақтастығымыз табысты әрі өзара тиімді жобаларға негіз болатынына сенемін», – деді вице-министр.

Сондай-ақ Евгений Кочетов креативті секторды мемлекеттік қолдау шаралары мен инвесторларды ынталандыру тетіктеріне кеңірек тоқталды. Атап айтқанда, операциялық тетіктерді жеңілдету, салықтық жеңілдіктер мен рибейттер енгізу мәселелері қозғалды.

Вице-министр атап өткендей, халықаралық серіктестермен өзара байланыстағы маңызды шара Креативті индустрияларды дамыту қоры болмақ. Қор 2025 жылғы 1 шілдеден бастап өз жұмысын бастайды.

Аталған қор Creative England және Оңтүстік Кореяның Creative Korea қорлары сияқты үздік тәжірибелер негізінде құрылады.

Қордың басты міндеттері – венчурлік инвестицияларды дамыту, шетелдік инвесторлармен жұмыс жүргізу және креативті тауарлар мен қызметтерді шетелге таныстыру болмақ.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі