Меню
Страницы
Министрлік туралы
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Қызметі
Комитеттер
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Әкім аппараты
Қызметі
Все материалы
Архив, құжаттама және кітап
06 октября 2026
Алматыда Қазақстан қолжазбатанушылар қауымдастығының VIII отырысы өтті

ҚР Ұлттық кітапханасында Құрбанғали Халидұлының қолжазба мұрасын сақтау, зерттеу және ғылыми айналымға енгізу мәселелеріне арналған Қазақстан қолжазбатанушылар қауымдастығының VIII отырысы өтті.

Жиынға шығыстанушылар, түркітанушылар, тарихшылар, филологтар, ғылыми орталықтар мен жоғары оқу орындарының мамандары қатысты. Қатысушылар қолжазбаларды зерттеу, транскрипциялау, аудару және еңбектерді ғылыми басылымға дайындау мәселелерін талқылады.

Отырыс барысында «Тауарих-и хамса-и шарқи» («Шығыстың бес елінің тарихы») бес томдық еңбегінің III-V томдары, «Құрбанғали Халидұлы: дерек, тарих, таным» ғылыми жинағы және шығарманың жинақталған нұсқасы таныстырылды.

Жиын соңында мамандар ұлттық жазба мұраны зерттеу мен сақтауға қатысты алдағы жұмыстың бағыттарын талқылады.

 

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Этносаралық қатынастар
06 октября 2026
Астанада Құрылтайдың қоғамдық диалогты дамытудағы рөлі талқыланды

Астанадағы Достық үйінде Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттары этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және жастармен кездесті.

Кездесуге депутаттар Сергей Пономарев, Евгений Больгерт және Шерзод Пулатов қатысты. Олар Құрылтай жұмысының негізгі бағыттары, заңнамалық бастамалар мен депутаттық қызметтің басымдықтары жөнінде айтып берді.

Жиында ел бірлігін нығайту, қоғамдық келісімді сақтау және мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.

Ашық пікір алмасу барысында этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен жастар депутаттарға өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ қоғамдағы өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Мәдениет
06 октября 2026
Темірбек Жүргенов атындағы академияның жас режиссерлері Канада мен Ресейдегі кинофестивальдерде үш жүлде иеленді

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының білім алушылары Канада мен Ресейде өткен халықаралық кинофестивальдерде үш жүлдеге ие болды.

Оттава қаласында өткен Loon Film Festival фестивалінде үшінші курс студенті Ерхат Ерсайынов «Потерянный остров» фильмімен үшінші орын алды.

Табиғат, бейбітшілік және жануарларды қорғау тақырыбындағы көркем, деректі, анимациялық және эксперименттік фильмдерді қамтитын фестиваль жас кинематографистерді қолдау мақсатында ұйымдастырылады.

Академияның студенттері тағы екі жүлдені Мәскеуде өткен IV «Восхождение» халықаралық студенттік фестивалінде иеленді. Байқауға ТМД-ның жеті елінен 50 фильм ұсынылды.

«Анимация режиссурасы» білім беру бағдарламасының түлегі Бауыржан Адаев «Пуповина» фильмімен «Анимациялық фильмнің үздік режиссурасы» аталымында жеңімпаз атанды. Ал «Көркем фильм режиссурасы» бағытының төртінші курс студенті Мырза Махамбеттің «Май» картинасы «Актерлік шеберліктегі алғашқы қадамдары үшін» қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды.

IV «Восхождение» халықаралық студенттік фестивалі С.А. Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография университетінде ұйымдастырылған «Кино білімі: ТМД елдерінің ортақ білім беру жобалары» форумы аясында өтті.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Креативті индустрия
05 октября 2026
Шымкентте Creative Shift бағдарламасының өңірлік буткемпі басталды

Шымкентте креативті индустрия саласындағы жобаларды дамытуға бағытталған Creative Shift бағдарламасының өңірлік буткемпі басталды.

Бағдарламаны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры ұйымдастырып отыр.

Буткемпке аудиовизуалды өндіріс, музыка, сахна өнері, бейнелеу, қолданбалы өнер, әдебиет, медиа және жасанды интеллект салаларындағы жоба авторлары, кәсіпкерлер және командалар қатысып жатыр.

Бір апта бойы қатысушылар сарапшылармен бірге өз жобаларының бизнес-моделін әзірлеп, оны дамыту мен табыс табудың тиімді жолдарын қарастырады. Сондай-ақ өз аудиториясын айқындап, жобаны одан әрі ілгерілетудің мүмкіндіктерін саралайды.

Бағдарламада өнімді нарыққа шығару, бағаны белгілеу, зияткерлік меншікті қорғау, серіктестер мен инвестиция тарту, сондай-ақ жобаны таныстыруға дайындық мәселелеріне жеке тоқталады.

Шымкент – өңірлік бағдарлама өтіп жатқан екінші қала. Алғашқы кезең 21-27 қыркүйек аралығында Алматыда өтті. Келесі буткемп 19-25 қазанда Астанада ұйымдастырылады.

Өңірлік кезеңдердің қорытындысында үздік деп танылған жобалардың авторлары Астанада жеті күндік менторлық бағдарламаға қатысады.

Бағдарламаның соңғы кезеңі – Pitch Day. Онда қатысушылар өз жобаларын әлеуетті инвесторларға таныстырады.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Этносаралық қатынастар
05 октября 2026
Алматы мен Қостанай облысында «Мың бала» жобасы аясында мемлекеттік тілді меңгеруге бағытталған байқаулар өтті

Республикалық «Мың бала» жобасы аясында Алматы қаласы мен Қостанай облысында балалар мен жасөспірімдердің мемлекеттік тілге, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қызығушылығын арттыруға бағытталған іс-шаралар өтті.

Алматыда оқушылар арасында мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтайтын байқау ұйымдастырылды. Қатысушылар қазақ тілін меңгеру деңгейін, сөздік қорын және ойын еркін түрде жеткізе алатынын саралайтын тапсырмаларды орындады.

Байқау оқушыларға қазақ тілі бойынша білімін шыңдап, тіл байлығын арттыруға әрі мемлекеттік тілді тереңірек меңгеруге ықпал етті.

Қостанай облысында жобаның өңірлік кезеңі Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған мәнерлеп оқу байқауымен жалғасты. Ақтық кезеңге жолдама алған 11 қатысушы ақын шығармаларын жатқа оқыды.

Қатысушылар өлеңнің мән-мағынасын жеткізіп, мәнерлеп оқу мен сахна мәдениетіндегі шеберлігін көрсетті. Байқау қорытындысында барлық финалиске алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табысталды.

«Мың бала» жобасы балалар мен жасөспірімдердің қазақ тілін жетік меңгеруіне, қазақ әдебиетінің көрнекті туындыларымен жақынырақ танысуына және ұлттық мәдениет туралы танымын кеңейтуіне жол ашады.

Жоба дарынды жастарды қолдап, өскелең ұрпақтың мемлекеттік тілге, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттыруды көздейді.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Мәдениет
05 октября 2026
Қазақстанда мәдениет саласындағы білім беру ұйымдарының педагогтері марапатталды

Бүгін, Ұстаздар күні, мәдениет саласындағы білім беру ұйымдарының педагогтері кәсіби жетістіктері, көп жылғы еңбегі және болашақ мамандарды даярлауға қосқан үлесі үшін ведомстволық наградалармен марапатталды.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ведомстволық наградалары 25 педагогке табысталды. Атап айтқанда, 5 оқытушы «Еңбек ардагері» медалімен, 4 педагог Ы.Алтынсарин атындағы медальмен, 9 педагог «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Тағы 7 педагогке «Құрмет грамотасы» берілді.

Сонымен қатар 38 педагог ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ведомстволық наградаларына ие болды.

Аталған марапаттар – ұстаздардың кәсіби шеберлігі мен мәдениет саласындағы білім беруді дамытуға, шығармашылық дәстүрді жалғастыруға және жаңа буын мамандарын даярлауға сіңірген еңбегінің айқын көрінісі.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Мәдениет
05 октября 2026
«Қазақконцерт» сахнасында «Музыка тілінде» концерті өтті

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында «Музыка тілінде» концерті өтті.

Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің үрмелі аспаптар ансамблінің орындауында ұлттық музыка, әлемдік классикамен қатар, джаз және танго жанрларындағы туындылар шырқалды.

Кеште Клод Боллингтің флейта мен джаз фортепиано триосына арналған сюитасы және Ришар Гальяноның «Клодқа арналған танго» шығармасы орындалды.

Концертте қазақтың халық әндері алғаш рет ағаш үрмелі аспаптар квинтетіне лайықталып, тыңдарманға жаңаша әуезде ұсынылды.

«Музыка тілінде» кешінде қазақ әндері заманауи сипатта беріліп, ұлттық музыка әлемдік классика, джаз бен танго жанрларымен үйлесім тапты.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Гендерлік саясат
03 октября 2026
IT Aiel және Aqyl Tech жобалары аясында 33 мыңнан астам адам білім алды

Астанадағы AI & Digital Bridge 2026 алаңында «IT Aiel» және «Aqyl Tech» білім беру жобаларының нәтижелері жарияланды. Екі жоба бойынша 33 мыңнан астам адам цифрлық технологиялар мен қаржылық сауатты меңгеріп, технология саласындағы білімін жетілдірді.

Жобалар ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының гранты аясында іске асырылып келеді. Оларды Astana Hub-пен әріптестікте TechnoWomen коммерциялық емес ұйымы ұйымдастырады.

Жоба цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, қаржылық сауаттылық пен кәсіпкерлік бағыттарын қамтиды. Бастама өңірлер мен ауылдық елді мекендердің тұрғындарын да қамтиды.

2025-2026 жылдары «IT Aiel» жобасы бойынша 9 600-ден астам адам білім алды. 2025 жылы 4 мыңнан астам адам оқыса, биыл 5 646 адам оқудан өтті. Биылғы қатысушылардың 1 533-і жұмысқа орналасып, сондай-ақ фриланс арқылы табыс таба бастады.

«IT Aiel» аясында қатысушылар цифрлық құралдар мен жасанды интеллект технологияларын меңгеріп, өз жобаларын әзірледі. Сондай-ақ жасанды интеллект көмегімен контент пен цифрлық өнімдер жасап, бизнестегі күнделікті міндеттерді автоматтандыру тәсілдерін үйренді.

«Aqyl Tech» жобасы ең алдымен жастарға, өңір тұрғындарына, соның ішінде ауыл жастарына арналған. Қатысушылар қаржылық сауаттылық, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект бойынша білім алады. Бұл дағдыларды кәсіпкерлік, инженерия, медицина, білім беру және басқа да салаларда пайдалануға болады.

Жобалар арқылы азаматтар цифрлық білімін толықтырып, еңбек пен кәсіпкерлікке қажет тәжірибелік дағдыларды игереді.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

 

БАҚ
02 октября 2026
«Тұмар» және «Үркер» мерейтойлық сыйлықтарына өтінім қабылдау мерзімі ұзартылды

Qazaqstan Media Awards аясындағы «Тұмар» және «Үркер» мерейтойлық ұлттық сыйлықтарына өтінім қабылдау мерзімі 2026 жылғы 6 қазанға дейін ұзартылды.

Өтінімдер байқаудың ресми QMA.kz сайты⁠ арқылы жолданады.

Байқауға 2025 жылғы 18 қыркүйек пен 2026 жылғы 18 қыркүйек аралығында жарияланған немесе эфирге шыққан жұмыстар қабылданады. Ұлттық сыйлықтар байқауына қазақстандық журналистер, тележүргізушілер, медиажоба авторлары мен жасаушылары, редакциялар және шығармашылық ұжымдар қатыса алады.

Байқау номинациялары:

Телевизиялық журналистика:

  1. Үздік тележүргізуші

  2. ⁠Үздік телевизиялық материал (репортаж, сұхбат)

  3. ⁠Үздік телесериал

  4. ⁠Үздік ақпараттық-талдамалық бағдарлама

  5. ⁠Үздік деректі жоба

  6. ⁠Қоғамдық жауапкершілік саласындағы үздік жоба («Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан»)

Баспа, интернет және радио журналистикасы:

  1. Жылдың үздік журналисі

  2. ⁠Жылдың үздік материалы (сұхбат, репортаж, мақала)

  3. ⁠Үздік талдамалық материал

  4. ⁠Үздік медиажоба (YouTube, подкаст)

  5. ⁠Үздік радиожоба

  6. ⁠Журналистиканың болашағы: жасанды интеллект саласындағы үздік жоба

2026 жылы жаңа технологиялар мен журналистиканың болашағына айрықша мән беріліп отыр. Биыл алғаш рет жасанды интеллект саласындағы жобаларға арналған номинация енгізілді. Бұл медиадағы жаңа технологиялардың қолданысын және осы бағыттағы тың жобаларды қамтиды.

Байқау жұмыстарын танымал журналистер, салаға еңбегі сіңген мамандар мен медиа сарапшылардан құралған тәуелсіз қазылар алқасы бағалайды.

2026 жылы ұлттық сыйлықтардың 10 жылдығына орай «Тұмар» және «Үркер» алғаш рет Qazaqstan Media Awards аясында өтіп жатыр. Он жыл ішінде қос сыйлық отандық медиа саласындағы айтулы жобалардың біріне айналып, журналистика мен медианың дамуына үлес қосқан журналистерді, редакциялар мен медиажобаларды жыл сайын марапаттап келеді.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Мәдениет
02 октября 2026
Астанада «TEATR ALL» IV халықаралық театр фестивалі басталды

Астанада Қазақстанның халық әртісі, театр және кино актрисасы Меруерт Өтекешованың 75 жылдығына арналған «TEATR ALL» IV халықаралық театр фестивалі басталды.

Фестивальдің ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың құттықтау хаты оқылды. Құттықтауда Меруерт Өтекешованың ұлттық мәдениет пен қазақ театр өнерінің дамуына сіңірген көпжылдық еңбегі аталып өтті.

Кеш барысында Меруерт Өтекешова шығармашылық жолы, өнердегі ұстаздары және М.Әуезов атындағы театрда 50 жылдан астам еңбек еткен жылдары туралы өз естеліктерін айтты.

Фестивальде Ғабит Мүсірепов пен Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклі сахналанды. Қойылымның режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.

Көпшілік Мұхтар Әуезов атындағы Ұлттық драма театры музейінің қорынан арнайы дайындалған «Сұлулық пен сырлы өнердің символы» көрмесін тамашалады.

«TEATR ALL» IV халықаралық театр фестивалі 7 қазанға дейін жалғасады. Өнер мерекесіне Өзбекстан, Қырғызстан және Әзербайжаннан келген театр ұжымдары, сондай-ақ Астана мен еліміздің өңірлеріндегі жетекші театрлар қатысып жатыр.

Фестиваль театр өнерін дамытуға, сала мамандарының шығармашылық байланысын арттыруға, тәжірибе алмасуға және халықаралық мәдени әріптестікті нығайтуға бағытталған.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Социальные сети
Instagram
Facebook
Меню подвал
Экран дикторы
Құпиялылық саясаты
Терминдер мен қысқартулар
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің сайты