Меню
Страницы
Министрлік туралы
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Қызметі
Комитеттер
Құжаттар
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Әкім аппараты
Все материалы
Гендерлік саясат
03 октября 2026
IT Aiel және Aqyl Tech жобалары аясында 33 мыңнан астам адам білім алды

Астанадағы AI & Digital Bridge 2026 алаңында «IT Aiel» және «Aqyl Tech» білім беру жобаларының нәтижелері жарияланды. Екі жоба бойынша 33 мыңнан астам адам цифрлық технологиялар мен қаржылық сауатты меңгеріп, технология саласындағы білімін жетілдірді.

Жобалар ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының гранты аясында іске асырылып келеді. Оларды Astana Hub-пен әріптестікте TechnoWomen коммерциялық емес ұйымы ұйымдастырады.

Жоба цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, қаржылық сауаттылық пен кәсіпкерлік бағыттарын қамтиды. Бастама өңірлер мен ауылдық елді мекендердің тұрғындарын да қамтиды.

2025-2026 жылдары «IT Aiel» жобасы бойынша 9 600-ден астам адам білім алды. 2025 жылы 4 мыңнан астам адам оқыса, биыл 5 646 адам оқудан өтті. Биылғы қатысушылардың 1 533-і жұмысқа орналасып, сондай-ақ фриланс арқылы табыс таба бастады.

«IT Aiel» аясында қатысушылар цифрлық құралдар мен жасанды интеллект технологияларын меңгеріп, өз жобаларын әзірледі. Сондай-ақ жасанды интеллект көмегімен контент пен цифрлық өнімдер жасап, бизнестегі күнделікті міндеттерді автоматтандыру тәсілдерін үйренді.

«Aqyl Tech» жобасы ең алдымен жастарға, өңір тұрғындарына, соның ішінде ауыл жастарына арналған. Қатысушылар қаржылық сауаттылық, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект бойынша білім алады. Бұл дағдыларды кәсіпкерлік, инженерия, медицина, білім беру және басқа да салаларда пайдалануға болады.

Жобалар арқылы азаматтар цифрлық білімін толықтырып, еңбек пен кәсіпкерлікке қажет тәжірибелік дағдыларды игереді.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

 

БАҚ
02 октября 2026
«Тұмар» және «Үркер» мерейтойлық сыйлықтарына өтінім қабылдау мерзімі ұзартылды

Qazaqstan Media Awards аясындағы «Тұмар» және «Үркер» мерейтойлық ұлттық сыйлықтарына өтінім қабылдау мерзімі 2026 жылғы 6 қазанға дейін ұзартылды.

Өтінімдер байқаудың ресми QMA.kz сайты⁠ арқылы жолданады.

Байқауға 2025 жылғы 18 қыркүйек пен 2026 жылғы 18 қыркүйек аралығында жарияланған немесе эфирге шыққан жұмыстар қабылданады. Ұлттық сыйлықтар байқауына қазақстандық журналистер, тележүргізушілер, медиажоба авторлары мен жасаушылары, редакциялар және шығармашылық ұжымдар қатыса алады.

Байқау номинациялары:

Телевизиялық журналистика:

  1. Үздік тележүргізуші

  2. ⁠Үздік телевизиялық материал (репортаж, сұхбат)

  3. ⁠Үздік телесериал

  4. ⁠Үздік ақпараттық-талдамалық бағдарлама

  5. ⁠Үздік деректі жоба

  6. ⁠Қоғамдық жауапкершілік саласындағы үздік жоба («Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан»)

Баспа, интернет және радио журналистикасы:

  1. Жылдың үздік журналисі

  2. ⁠Жылдың үздік материалы (сұхбат, репортаж, мақала)

  3. ⁠Үздік талдамалық материал

  4. ⁠Үздік медиажоба (YouTube, подкаст)

  5. ⁠Үздік радиожоба

  6. ⁠Журналистиканың болашағы: жасанды интеллект саласындағы үздік жоба

2026 жылы жаңа технологиялар мен журналистиканың болашағына айрықша мән беріліп отыр. Биыл алғаш рет жасанды интеллект саласындағы жобаларға арналған номинация енгізілді. Бұл медиадағы жаңа технологиялардың қолданысын және осы бағыттағы тың жобаларды қамтиды.

Байқау жұмыстарын танымал журналистер, салаға еңбегі сіңген мамандар мен медиа сарапшылардан құралған тәуелсіз қазылар алқасы бағалайды.

2026 жылы ұлттық сыйлықтардың 10 жылдығына орай «Тұмар» және «Үркер» алғаш рет Qazaqstan Media Awards аясында өтіп жатыр. Он жыл ішінде қос сыйлық отандық медиа саласындағы айтулы жобалардың біріне айналып, журналистика мен медианың дамуына үлес қосқан журналистерді, редакциялар мен медиажобаларды жыл сайын марапаттап келеді.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Мәдениет
02 октября 2026
Астанада «TEATR ALL» IV халықаралық театр фестивалі басталды

Астанада Қазақстанның халық әртісі, театр және кино актрисасы Меруерт Өтекешованың 75 жылдығына арналған «TEATR ALL» IV халықаралық театр фестивалі басталды.

Фестивальдің ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың құттықтау хаты оқылды. Құттықтауда Меруерт Өтекешованың ұлттық мәдениет пен қазақ театр өнерінің дамуына сіңірген көпжылдық еңбегі аталып өтті.

Кеш барысында Меруерт Өтекешова шығармашылық жолы, өнердегі ұстаздары және М.Әуезов атындағы театрда 50 жылдан астам еңбек еткен жылдары туралы өз естеліктерін айтты.

Фестивальде Ғабит Мүсірепов пен Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклі сахналанды. Қойылымның режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.

Көпшілік Мұхтар Әуезов атындағы Ұлттық драма театры музейінің қорынан арнайы дайындалған «Сұлулық пен сырлы өнердің символы» көрмесін тамашалады.

«TEATR ALL» IV халықаралық театр фестивалі 7 қазанға дейін жалғасады. Өнер мерекесіне Өзбекстан, Қырғызстан және Әзербайжаннан келген театр ұжымдары, сондай-ақ Астана мен еліміздің өңірлеріндегі жетекші театрлар қатысып жатыр.

Фестиваль театр өнерін дамытуға, сала мамандарының шығармашылық байланысын арттыруға, тәжірибе алмасуға және халықаралық мәдени әріптестікті нығайтуға бағытталған.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Азаматтық қоғам
02 октября 2026
«Sarapshy» медиа жобасына өтінім қабылдау басталды

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институты «Sarapshy» медиа жобасына өтінім қабылдау басталғанын хабарлайды.

Жоба сарапшылардың медиадағы белсенділігін арттырып, оларды көпшілікке кеңінен танытуға бағытталған. Қатысушылар бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс істеу, камера алдында сөйлеу, ашық пікірталастарға қатысу және ой-пікірін ақпарат кеңістігінде сауатты жеткізу тәсілдерін меңгереді.

Курста мәдениет, қоғамдағы мінез-құлық пен әдепке қатысты өзекті мәселелер қамтылады.

Бағдарламада БАҚ-пен және камера алдында жұмыс істеу, сұхбат, сараптамалық пікір әзірлеу, көпшілік алдында сөйлеу, сондай-ақ әлеуметтік желілерде сараптамалық контентті ілгерілету бойынша тәжірибелік сабақтар өтеді.
Жоба дәрістерін тәжірибелі журналистер мен медиатренерлер жүргізеді.

Қатысушыларға қойылатын талаптар:
– мінез-құлық психологиясы (бихевиористика), әлеуметтану, жалпы этика, технологиялар этикасы (Digital Ethics), антропология, этнология, мәдениеттану немесе урбанистика салаларының бірінде білімі мен тәжірибесінің болуы;
– 40 жасқа дейін;
– жоғары білімінің болуы;
– талдау орталықтарында, жоғары оқу орындарында, мемлекеттік қызметте, орталық мемлекеттік органдарға қарасты ұйымдарда немесе азаматтық секторда кемінде бес жыл еңбек өтілінің болуы;
– магистр, PhD немесе өзге де ғылыми дәрежесі не ғылыми атағы бар үміткерлерге басымдық беріледі.

Конкурсқа қатысу үшін https://sarapshy.kipd.kz/ сілтемесіне өтіп, өтінім беру қажет⁠.

Конкурс қорытындысы бойынша 25 қатысушы іріктеледі.

Өтінім қабылдау мерзімі: 2026 жылғы 2-11 қазан.

Бағдарламаның оқу кезеңі 2026 жылғы 31 қазан мен 14 қараша аралығында сенбі күндері өтеді. Барлық тәжірибелік сабаққа қатысу міндетті. Сабақтар 09:30-дан 16:00-ге дейін өткізіледі.

Қосымша ақпарат бойынша мына нөмірлерге хабарласуға болады:
8-700-027-27-87 – Сегізбаева Бану Сегізбайқызы, b.segizbayeva@kipd.kz;
8 (7172) 47-22-99 – Әли Салтанат Файзуллақызы, s.ali@kipd.kz.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Архив, құжаттама және кітап
02 октября 2026
Алматыда кітапхана ісіне жасанды интеллектіні енгізу мәселесі талқыланды

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Жасанды интеллект дәуіріндегі кітапхана: цифрлық трансформация және жаңа мүмкіндіктер» атты екі күндік семинар-тренинг өтті.

Іс-шара Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру аясында ұйымдастырылды.

Қатысушылар кітапхана ісінде жасанды интеллектіні пайдалану, кітап қорларын цифрландыру, электрондық кітапханалар мен заманауи цифрлық қызметтерді дамыту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ халықаралық тәжірибені зерделеу, жаңа стандарттарды енгізу, электрондық дерекқорларды пайдалану, авторлық құқық пен құнды мұраны сақтау жайы сөз болды.

Семинарда кітапхана ісіне арналған бірқатар цифрлық жоба таныстырылды. Олардың қатарында кітапхана ісінің статистикасы мен деректерін талдауға арналған LABA платформасы, деректі контентке айналдыратын DILIGEN, LibRAG жүйесі және қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жұмыс істейтін NurAI чат-боты бар.

Сарапшылар қолжазбалармен жұмыс істеуге арналған цифрлық платформалар әзірлеу, интеллектуалды қызметтерді енгізу, кітапхана қорларын цифрландыру және сақтаудың жаңа тәсілдері жөнінде пікір алмасты.

Екі күндік семинарға еліміздің 20 өңірінен 1500-ден астам маман қатысты.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Мәдениет
02 октября 2026
«Салтанат» ансамблі Бейжіңдегі халықаралық фестивальде өнер көрсетті

«Салтанат» мемлекеттік би ансамблі 24-27 қыркүйек аралығында Бейжіңнің Тунчжоу ауданында өткен IV Beijing International Canal Arts Fest халықаралық өнер фестивалінде Қазақстан атынан өнер көрсетті.

Биыл фестивальге 13 елдің өнерпаздары жиналды. Сахнада Норвегия, Жаңа Зеландия, Таиланд, Франция, Германия, Румыния, АҚШ және басқа да елдердің музыканттары мен бишілері өз өнерін ортаға салды. Барлығы 14 өнер ұжымы мен Қытай және шетелден келген 70-ке жуық әртіс болды.

Қазақстан фестивальге алғаш рет қатысып, мәдени іс-шарада «Салтанат» ансамблі ұлттық би өнерін сан қырынан танытты. Ұжым 12 би нөмірінде қазақтың салт-дәстүрін, тұрмыс-тіршілігін және мәдениеттің өзіндік сипатын көрсетті.

Фестиваль қазақ би өнерінің халықаралық сахнадағы орнын айшықтап, Қазақстан мен Қытайдың мәдени ынтымақтастығын нығайта түсті.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Этносаралық қатынастар
02 октября 2026
Түркістан облысында «Түркістан – қамқорлық мекені» акциясы өтті

Түркістан облысында «Инклюзивті қоғам» жобасы аясында «Түркістан – қамқорлық мекені» акциясы ұйымдастырылды.

«Ел жастары» өкілдері көмекке мұқтаж отбасының үйіне барып, ауланы тазалап, үй шаруасына жәрдемдесті. 

Акция жастар арасында өзгеге жанашырлықпен қарауды дәріптеп, қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруды көздейді. Бастама қоғамдық ұйымдар мен белсенді жастарды қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсетуге жұмылдырды.

Айта кетейік, акция Халықаралық қарттар күніне орай ұйымдастырылып, егде жастағы азаматтарға қамқорлық көрсетуге бағытталған бастамалардың жалғасы болды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі 

Азаматтық қоғам
Жастар саясаты
Отбасылық саясат
Гендерлік саясат
02 октября 2026
Қазақстанның мемлекеттік саясатында адамның мінез-құлқын зерттеуге негізделген ғылыми бағыт дамып келеді

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қазақстандық қоғамдық даму институты және Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілдігі бірлесіп «Тиімді мемлекеттік саясат пен бағдарламаларды әзірлеудегі мінез-құлық ғылымы» тақырыбында тренинг өткізді.

Тренингке ҚҚДИ сарапшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері, отбасы, жастар саясаты, қауіпсіздік пен денсаулық сақтау салаларының мамандары қатысты.

Оқу барысында қатысушылар мемлекеттік саясаттағы адам әрекетін зерттеудің жаңа тәсілдерін меңгерді. Атап айтқанда, балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігі, ауылдарда әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және алимент төлеу міндеттемелерінің орындалуын жетілдіру мәселелері қарастырылды.

Қатысушылар адамның белгілі бір шешім қабылдауына әсер ететін себептерді анықтау, оған кедергі келтіретін жағдайларды зерделеу және түрлі топтардың мінез-құлқын талдау әдістерімен танысты.

Тренинг соңында тараптар алдағы ынтымақтастықтың бағыттарын талқылады. Соның ішінде ҚҚДИ қызметкерлерінен сараптамалық топ құрып, мінез-құлық тәсілдерін ұлттық жобаларды әзірлеу мен мемлекеттік саясатты талдауда жүйелі қолдану мүмкіндігі қарастырылып отыр. Аталған жұмыс өңірлік деңгейде де жүргізіледі.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Мәдениет
02 октября 2026
«Астана Балет» театрында заманауи хореография кеші өтті

«Астана Балет» театрында «Love Fear Loss», «Жолдан тайған періштелер» және «Bolero X» атты үш қойылым сахналанған заманауи хореография кеші өтті.

Кеш бразилиялық хореограф Рикардо Амарантенің «Love Fear Loss» балетімен басталды. Қойылымға әйгілі француз әншісі Эдит Пиафтың тағдыры мен шығармашылығы арқау болған. Спектакль махаббат пен қорқыныш, айырылысу мен жан күйзелісін би арқылы жеткізеді. Қойылымда Эдит Пиаф репертуарындағы шығармалар шырқалып, оларды театр концертмейстері Құралай Қанапина фортепианода орындады.

Бағдарламаны көрнекті чех хореографы Иржи Килианның танымал туындыларының бірі – бір актілі «Жолдан тайған періштелер» балеті жалғастырды. «Астана Балет» театрында бұл қойылымды Стефан Жеромски сахналады.

«Астана Балет» театрының көркемдік жетекшісі Нұрлан Қанетов:

«Килианның өнері ұлттық шеңбермен шектелмейді, оның туындылары көпшілікке жақын әрі бүгінгі заманның тынысымен үндес келеді. Қойылымдары музыка мен қимылдың үйлесімі, көркемдік шешімі және жоғары орындаушылық шеберлігімен ерекшеленеді. «Астана Балет» әртістері Килианға тән ерекше хореографиялық мәнерді меңгеріп, би қимылдары арқылы кейіпкердің сезімі мен көңіл күйін терең жеткізе білді», – деді.

Аталмыш қойылымдағы америкалық композитор Стив Райхтың «Drumming Part 1» шығармасының орны да айрықша.

Кешті Морис Равельдің әйгілі «Болеро» шығармасын заманауи хореографиямен жаңаша өрнектеген «Bolero X» қойылымы аяқтады. Балет театрдың симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен орындалды. Оркестрді театрдың бас дирижері Арман Оразғалиев басқарды.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтті.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

01 октября 2026
Жаңа қазақстандық фильмдерді Кинопоиск арқылы таныту мүмкіндігі кеңейеді

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Yango Group компаниясының бас директоры Даниил Шулейкомен кездесті.

Тараптар креативті индустриялар, цифрлық технологиялар, жасанды интеллекті мен білім беру салаларындағы ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ қазақстандық контентті кеңінен таныту мәселелерін талқылады.

Отандық киноны цифрлық платформаларда насихаттауға ерекше назар аударылды. Кинопоисктегі қазақстандық жаңа фильмдер санын арттыру, фильмдердің тұсаукесерлеріне ақпараттық қолдау көрсету, сондай-ақ отандық туындыларды платформаның тақырыптық топтамаларына және көрерменге ұсынылатын фильмдер тізіміне енгізу мәселелері сөз болды.

Тараптар туындыларды заңсыз көшіру мен таратуға қарсы күрес пен авторлық құқықты қорғауға бағытталған заңнамалық бастамаларды бірлесіп ілгерілету мәселесін де талқылады. Сонымен қатар өнер мен кино саласында жасанды интеллектіні қолдану, креативті индустрияларды цифрландыру және заманауи цифрлық дағдыларды дамыту жайы қарастырылды.

Білім беру саласындағы ынтымақтастық аясында Yandex Qazaqstan сарапшылары мен тәлімгерлерінің Креативті индустрияларды дамыту қорының іс-шараларына қатысу мүмкіндігі қарастырылды.

Арман Қырықбаев Yandex Qazaqstan компаниясының «Creative Qazaqstan» жобасын да атап өтті. Қазақстанның қазіргі креативті экономикасына арналған бұл жоба «Хабар» және «Qazaqstan» телеарналарында жүзеге асырылып жатыр.

Кездесу соңында тараптар кино, креативті индустриялар, жасанды интеллекті мен цифрлық білім беру салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, сондай-ақ қазақстандық контентті кеңінен танытуға мүдделі екенін растады.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Социальные сети
Instagram
Facebook
Меню подвал
Экран дикторы
Құпиялылық саясаты
Терминдер мен қысқартулар
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің сайты