Қазақстан Республикасындағы ақпаратқа қол жеткізу саласының жай-күйі туралы жылдық есеп
Биыл елімізде мемлекеттік басқарудағы ашықтық, есептілік және цифрландыру саясаты жүйелі жалғасып келеді. Цифрлық құралдарды енгізу, ашық деректерді кеңейту, мемлекеттік орган басшыларының халықпен кездесулерін өткізу және қоғамдық атсалысу тетіктерін жетілдіру арқылы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын дамытуға баса назар аударылды.
Есепті кезеңде мемлекеттік органдарға 593,1 мың өтініш келіп түсті, оның ішінде 406,8 мыңы орталық мемлекеттік органдарға, 186,3 мыңы жергілікті атқарушы органдарға жолданды. Өтініштердің көбісі Ішкі істер (27%), Қаржы (14,9%), Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктеріне (7,4%) тиесілі. Өңірлер арасында Астана (17,6%), Алматы қалалары (10%) мен Алматы облысының (9,6%) әкімдіктеріне өтініштер жиі келіп түскен.
Сұрау салу бойынша ақпарат беруден заңсыз бас тарту фактілері тіркелді. Көрсетілген фактілер бойынша 8 әкімшілік іс қозғалды, олардың 4-і бойынша 275 240 теңге сомасына айыппұл салынды. Осыған байланысты азаматтардың өтініштеріне толық әрі уақтылы жауап беру мәселесінде ішкі бақылауды күшейту қажеттілігі атап өтілді.
Ақпараттың қолжетімділігін арттыру мақсатында «е-Өтініш» ақпараттық жүйесінің Бірыңғай білім базасы әзірленді. Орталықтандырылған ресурс азаматтардың мемлекетпен өзара байланысына қатысты сұрақтарына жүйелі әрі түсінікті жауап береді.
Болашақта аталған база цифрлық кеңес беру сервистері мен жасанды интеллект құралдарының негізіне айналып, ақпаратқа қолжетімділікті едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бұрынғы операциялық бағалаудың орнына Ашықтық индексі әзірленді. Ол объективті цифрлық деректерге негізделген және мемлекеттік органдардың қызметін төрт бағыт бойынша бағалайды («ӘРПК талаптарын сақтау», «Ашық Үкімет», «Халықпен кері байланыс» және «Ішкі бақылау және өзін-өзі тәрбиелеу»). Бағалау азаматтардың өтініштерін, жеке қабылдауларын, «е-Өтініш» АЖ-дағы жауаптардың сапасын талдауды, ашық деректер орналастыру мен тәртіптік практиканы қамтиды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша орталық мемлекеттік органдар арасында ең жоғары көрсеткіштерді Бас прокуратура, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Көлік, Мәдениет және ақпарат, Ауыл шаруашылығы, Қаржы, Жасанды интеллект және цифрлық даму, Экология және табиғи ресурстар министрліктері көрсетті (100-ден 90-93 балл аралығында). Жергілікті атқарушы органдар арасында Жамбыл, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан әкімдіктері көшбасшы болды (100-ден 90-96 балл аралығында).
Сондай-ақ, есепті кезеңде орталық атқарушы органдардың басшылары халықпен 159 көшпелі кездесу өткізді. Кездесу аясында 336 жеке қабылдау ұйымдастырылып, 411 азамат қабылданды. Өтініштердің негізгі тақырыптары салық салу, әлеуметтік қорғау, көлік және ауыл шаруашылығы болды. Уәкілетті құрылымдар тарапынан аталған мәселелер бойынша дер кезінде тиісті шаралар қабылданды.
Сонымен қатар, ақпаратқа қол жеткізу саласында мемлекеттік бақылау институты енгізілді. 2025 жылы бюджеттер, мемлекеттік сатып алулар, азаматтарды қабылдау кестелері мен ашық деректердің өзектілігі туралы мәліметтердің болмауына қатысты құқық бұзушылықтар анықталды. Аталған бұзушылықтар 47 бақылау субъектісіне ұсынымдар жолданғаннан кейін жойылды.
Жалпы, 2025 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар ашықтығының артқаны, халықпен өзара байланыс сапасының жақсарғаны және ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ететін цифрлық құралдардың дамығаны байқалды.
Жұмысты одан әрі жетілдіру үшін Ашықтық индексін нормативтік тұрғыдан бекіту, бірыңғай білім базасының құқықтық мәртебесін айқындау, азаматтармен өзара іс-қимыл көрсеткіштері төмен болған жағдайда жауапкершілікті күшейту, сұранысқа ие деректердің проактивті жариялануын қамтамасыз ету ұсынылады.