
Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Apple компаниясымен бірге қазақстандық абоненттердің нөмірін теру кезінде шығатын елдің атауы бойынша мәселені шешті.
Енді «+77» және «+76» халықаралық кодтарынан түсетін қоңыраулар «Қазақстан» деп көрсетіледі, бұған дейін «Ресей Федерациясы» деген жазу шығатын.
Компания iOS 14 қолдайтын iPhone 6 және одан кейінгі құралдар үшін бұл проблеманы реттеді. Енді қазақстандық абоненттерді терген кезде елдің атауы дұрыс көрсетілетін болады.
«Apple техноалыбымен бірге қазақстандықтарды біраздан бері алаңдатқан мәселені пысықтадық. Айта кету керек, компания өтінішімізді барынша жылдам қарастырып, бізге ықылас танытты. Нәтижесінде, қазақстандықтардың көкейінде жүрген бір мәселе шешілді, оның үстіне әлемдік технологиялық лидермен ынтымақтастығымыз нығая түсті», - дейді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.