
Қазақстанда жасанды интеллект бағытындағы құзыреттерді дамытудың ұлттық жүйесі құрылуда. Бұл жүйе мамандарды оқытудың әр алуан деңгейін қамтиды: бастапқы жасанды интеллект сауаттылығы мен ересектердің біліктілігін арттырудан бастап IT-мамандарды, AI-инженерлерді, зерттеушілерді, сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор басшылары мен сала мамандарын даярлауға дейінгі ауқымды бағыттарды қамтиды.
Жүйе азаматтарға, студенттерге, мамандарға, бизнес пен мемлекеттік секторға арналған білім беру бағдарламаларын біріктіреді. Бұл бағдарламалар ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің, Astana Hub хабының, білім беру ұйымдарының, жергілікті атқарушы органдардың және технологиялық серіктестердің қатысуымен жүзеге асырылуда.
Қазақстанның бұл бағыттағы тәсілі жасанды интеллект құзыреттерін кезең-кезеңімен дамытуға негізделген. Ол базалық білім мен құралдарға қол жеткізуді, қолданбалы цифрлық дағдыларды меңгеруді, мамандандырылған техникалық дайындықты және жасанды интеллект шешімдерін жасап, өндіріске енгізуге қажетті машықтарды жетілдіруді қамтиды. Бұған қоса, өңір тұрғындары үшін білім алудың қолжетімді болуына, оқуды жұмыспен немесе негізгі оқумен ұштастыруға, сондай-ақ мемлекеттік басқару мен жоғары білім беру жүйесінде жасанды интеллект құзыреттерін дамытуға айрықша назар аударылады.
Жаппай оқыту құралдарының бірі — Astana Hub Education онлайн-платформасы. Бұл алаң Alem.ai Foundation корпоративтік қорының қатысуымен Astana Hub экожүйесі аясында дамытылуда. Ол студенттерге, жұмыс істейтін мамандарға, кәсіпкерлерге, мемлекеттік қызметкерлерге және цифрлық технологияларды меңгеруге қызығушылық танытатын барлық азаматқа қолжетімді.
Платформада жасанды интеллект негіздері, промпт-инжиниринг, AI-құралдарын қолдану, No-Code/Low-Code әдісімен әзірлеу және цифрлық кәсіпкерлік бойынша курстар ұсынылған. Оқыту қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Онлайн-формат елдің барлық өңірінен білім беру ресурстарын еркін пайдалануға мүмкіндік береді. 2026 жылы бұл платформада 70 мыңнан астам адам оқып шықты.
Сондай-ақ технологияларды өз бетінше меңгеруге Astana Hub серіктестік білім беру курстары да кең мүмкіндік береді. Олардың қатарында жасанды интеллект негіздері, ChatGPT қолдану, деректерді талдау және Python тілінде бағдарламалау бойынша тегін бағдарламалар бар. Бұл курстар алдын ала техникалық дайындығы жоқ азаматтарға да арналған және оларға оқуда, жұмыста, сондай-ақ күнделікті тірлікте қажетті құралдарды меңгеруге көмектеседі. Бағдарламалардың ерекшелігіне қарай оқыту қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі.
Цифрлық экономикаға қажетті кадрларды практиқалық тұрғыдан даярлау Tech Orda бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Бұл бастама аясында 18 бен 45 жас аралығындағы Қазақстан азаматтарына аккредиттелген IT-мектептерде оқу үшін ваучерлер беріледі. Бағдарлама машиналық оқыту, AI Engineering, қолданбалы жасанды интеллект және агенттік қосымшаларды әзірлеу сияқты сұранысқа ие цифрлық бағыттарды қамтиды. Курстар тізімі еңбек нарығының қажеттіліктері мен технологиялардың даму бағытына қарай үнемі жаңартылып отырады.
2022 жылдан бері Tech Orda бағдарламасы бойынша 11,5 мыңға жуық адам оқуды сәтті тәмамдады. Бағдарлама нәтижелерін талдау көрсеткендей, экономикалық белсенді түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 90%-ды құрайды — олар 1 287 компанияда еңбек етіп жүр. Түлектердің орташа жалақысы ел бойынша орташа көрсеткіштен 49%-ға жоғары. Бұл көрсеткіштер Tech Orda бағдарламасының барлық оқыту бағыттарын қамтиды.
Ваучерлер беру және курс құнын толық немесе ішінара жабу мүмкіндігі IT-білімнің қолжетімділігін арттыра түседі. Сонымен қатар, бұл бағдарлама жекеменшік IT-мектептер мен оқыту орталықтарының желісін дамытуға қолдау көрсетіп, мамандарды даярлау сапасына қатысты талаптарды қалыптастырады.
Сондай-ақ әзірлеушілер мен жасанды интеллект мамандарын даярлаумен Tomorrow School мектебі де айналысады. Бұл — өзара оқыту (peer-to-peer) моделіне негізделген тегін мектеп. Жобаны Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Astana Hub, Alem.ai Foundation және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп жүзеге асыруда. Мектептің негізгі алаңы — alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы.
Іріктеу кезеңі логика мен алгоритмдік ойлауды сынауға арналған тапсырмаларды, сондай-ақ 26 күндік қарқынды оқытуды қамтиды. Негізгі бағдарлама 18 айға есептелген және ол AI Imperative Programming, AI Full-Stack және AI Core Tech бағыттары бойынша 50-ден астам практикалық жобаны қамтиды. Қатысушылар машиналық оқытуды, компьютерлік көруді, табиғи тілді өңдеуді, үлкен тілдік модельдерді (LLM) және AI модельдерін өнімдерге енгізуді үйренеді. Кампустың тәулік бойы жұмыс істеуі оқуды жұмыспен немесе негізгі оқумен қатар алып жүруге мүмкіндік береді.
Мектеп іске қосылған 2024 жылдың қазан айынан бері Астанада 15 іріктеу кезеңі өткізіліп, негізгі оқуға 493 студент қабылданды. Оқып жатқандардың орташа жасы — 27 жас, олардың 32%-ы — әйелдер. Студенттердің жартысына жуығы (49%-ы) оқуды толық немесе ішінара жұмыспен қатар алып жүр. Тіпті дайындық үдерісінің өзінде 79 студент IT-саласына жұмысқа орналасып үлгерді.
2024 жылдың 24 сәуірінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Tomorrow School мектебін өңірлерде кеңейту жұмыстарына ресми түрде старт берді. Бүгінде кампустар жергілікті жоғары оқу орындарының, колледждер мен IT-хабтардың базасында 12 өңірде жұмыс істеп тұр. Өңірлік кампустарға 6 367 өтінім түсіп, оның ішінде 1 954 адам іріктеу сынақтарына қатысты. Бұл желінің кеңеюі еліміз бойынша тегін технологиялық білім алу мүмкіндіктерін айтарлықтай арттыра түсуде.
Ұлттық жүйенің маңызды бір бөлігі — студенттер мен жас зерттеушілерді даярлау ісіне жасанды интеллектті енгізу. Осы мақсатта AI-Sana бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл бастама студенттерге, магистранттарға, докторанттарға, постдокторанттар мен жас ғалымдарға арналған. Ол жасанды интеллект пен AI-кәсіпкерлікті оқытуды аграрлық сектор, су ресурстары, энергетика және білім беру сияқты салаларда озық технологияларды қолданумен ұштастырады.
AI-Sana бағдарламасының бірінші кезеңінде жасанды интеллект курстары бойынша 706 023 студент сертификат алды. Екінші кезеңде 106 ЖОО-дан 104 459 студент оқып шықты, оның ішінде 67 264 қатысушы сертификатқа ие болды.
Бағдарлама жасанды интеллект құзыреттерін дамытуды технологияларды тәжірибеде қолданумен ұштастырады. AI-Sana аясында ұлттық компаниялар мен экономиканың басым салаларының қолданбалы міндеттеріне бағытталған 442 жасанды интеллект шешімі сынақтан өткізіліп, іске асырылуда.
Осылайша, жасанды интеллект құзыреттері тек арнайы техникалық дайындық бағытында ғана емес, сонымен қатар әр түрлі кәсіби сала мамандарын оқыту үдерісіне де енгізілуде.
Бастамалардың жеке бір блогы мемлекеттік басқару жүйесінде жасанды интеллект құзыреттерін дамытуға бағытталған. AI Qyzmet бағдарламасы бойынша 55 мыңға жуық мемлекеттік қызметші оқудан өтті. Бұл бағдарлама қатысушыларды жасанды интеллект негіздерімен және мемлекеттік органдардың күнделікті жұмысында AI құралдарын қолдану мүмкіндіктерімен таныстырады.
Басшы кадрларды технологияларды енгізу және кеңейту ісіне дайындау мақсатында AI Governance 500 бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бірінші лектің құрамына вице-министрлер, облыс әкімдерінің орынбасарлары, Президент Әкімшілігінің, Үкімет Аппаратының, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ квазимемлекеттік ұйымдардың өкілдері болып табылатын 99 басшы енді. 2026 жыл бойы бұл бағдарлама бойынша 500 мемлекеттік қызметшіні оқыту жоспарланып отыр.
Басқарушылық құзыреттерді дамытуға AI Leaders бағдарламасы да өз үлесін қосуда. Бұл бағдарламада тоғыз елдің 150-ден астам ұйымынан келген 800-ден астам басшы мен маман оқыды. Қатысушылардың қатарында мемлекеттік органдардың, ұлттық холдингтердің, қаржы институттарының, технологиялық компаниялардың, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен білім беру ұйымдарының өкілдері бар.
Қызметкерлер мен компаниялар үшін жасанды интеллектті жұмыс барысында тәжірибелік тұрғыдан қолдануды меңгеруге бағытталған AI Corporate бағдарламасы қарастырылған. Курсты іске қосу 2026 жылдың күніне жоспарланған, ал негізгі мақсат — бағдарламаның білім беру платформасына 250 мың қолданушыны тартуу. Мұндай тәсіл жасанды интеллект құзыреттерін тек технологиялық сектордың мамандары арасында ғана емес, сонымен қатар экономиканың әртүрлі салаларындағы компаниялардың қызметкерлері арасында да кеңінен таратуға мүмкіндік береді.
Қазақстандағы жасанды интеллект құзыреттерін дамытудың ұлттық жүйесі адами капиталды қалыптастырудың барлық жолын қамтиды — бұған базалық AI сауаттылығы мен кәсіби тұрғыдан қайта даярлаудан бастап, AI-инженерлерді тәрбиелеу, студенттер мен зерттеушілердің біліктілігін арттыру және мемлекеттік басшыларды оқыту кіреді.
Бағдарламалардың ауқымы олардың тәжірибелік бағытымен тығыз ұштасқан: мысалы, Tech Orda түлектері 1 287 компанияда еңбек етіп жүр, Tomorrow School мектебінің 79 қатысушысы қазірдің өзінде IT-саласына жұмысқа орналасты, ал AI-Sana аясында 442 қолданбалы жасанды интеллект шешімі сынақтан өтіп, іске асырылуда.
Сонымен қатар, Қазақстан жасанды интеллект саласындағы білім алу географиясын да кеңейтіп келеді: оқыту қазақ және орыс тілдерінде онлайн форматта қолжетімді, Tomorrow School мектебі еліміздің 12 өңірінде ашылып, ауқымы кеңейді, ал білім беру бағдарламалары студенттерді, мамандарды, кәсіпкерлерді, мемлекеттік қызметшілер мен басшыларды толықтай қамтып отыр.