
Еліміздегі Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында өтіп жатқан AI MONTH басты оқиғасы — AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы 1 қазанда Астанада өз жұмысын бастады.
Ауқымды IT-шара барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект, цифрлық технологиялар мен робототехника бағытындағы озық жобалар көрмесін аралады.
Мемлекет басшысына Qazaq AI Research University базасында іске асырылған AI-Enabled University моделі таныстырылды. Бұл оқу орны — Қазақстандағы жасанды интеллект саласындағы тұңғыш мамандандырылған зерттеу университеті әрі Орталық Азиядағы алғашқы AI-Enabled университет.
Сондай-ақ Мемлекет басшысына Trusted Kazakhstan цифрлық қызметі, ауылдық шағын жинақты мектептерде оқыту үдерісіне ЖИ енгізетін ALFA жобасы және ұлттық Aitu мессенджерінің жаңа мүмкіндіктері көрсетілді.
Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» тобының жасанды интеллект саласындағы шешімдері, атап айтқанда кен орнының цифрлық телнұсқасы мен Smart Диагностика жобасы жеке таныстырылды.
Бұдан бөлек, генеративті ЖИ көмегімен бейнеконтент жасауға арналған Higgsfield.ai технологиялары және Орталық Азиядағы ең ірі деректерді өңдеу орталықтары мен ЖИ инфрақұрылымы кластерін құруды көздейтін Data Center Valley жобасы көрсетілді.
Ұсынылған жаңа әзірлемелер жасанды интеллектті экономика мен мемлекеттік басқарудың әртүрлі салаларына кеңінен енгізуге, отандық цифрлық инфрақұрылымды қолдауға және Қазақстанның өңірлік технологиялық хаб ретіндегі мәртебесін нығайтуға бағытталған.
Биылғы форумның басты тұжырымдамасы — «Қазақстан — Еуразияның жасанды интеллект орталығы» (Kazakhstan is the Eurasian AI Hub). Бұл бағыт елдің өзіндік технологиялық экожүйесін дамытуға, халықаралық сараптама мен инвестицияларды тартуға, білікті кадрлар даярлауға және жасанды интеллект саласындағы компаниялардың өркендеуіне қолайлы жағдай жасауға деген ұмтылысын айқын көрсетеді.
Форумның алғашқы күнінің негізгі оқиғасы — Мемлекет басшысының қатысуымен өткен пленарлық отырыс осы бағытты сабақтастыра түсті. Жиында жасанды интеллект пен цифрлық экономиканы дамыту мәселелері Қазақстанның алдағы тоғыз технологиялық трансформациясы шеңберінде жан-жақты талқыланды.
– Бәріміз жасанды интеллект технологияларының өнеркәсіпті, қаржы саласын, білім беруді, ғылымды, мемлекеттік басқаруды және азаматтардың күнделікті тұрмысын түбегейлі өзгертіп жатқанының куәсіміз. Осыған орай, AI & Digital Bridge форумының күн тәртібі жыл сайын жаңарып отырады: жаңа өзекті тақырыптар қосылып, қатысушылар қатары кеңейе түсуде. Цифрландыру бағытымен қатар, форумда есептеу инфрақұрылымы, үлкен тілдік модельдер және робототехника мәселелері де жан-жақты талқыланады. Сонымен қатар заңнамалық реттеуге және ғылым мен технология саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге баса мән беріледі. Осылайша, AI & Digital Bridge жаңа технологиялар саласындағы халықаралық байланыстарды нығайтудың тиімді алтын көпіріне айналып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ бағдарламаға жаһандық технологиялық индустрияны таныстыратын халықаралық спикерлер қатысты:
– Технологиялық серпіліс жасау үшін үш маңызды шарт қажет: түсінікті әрі тұрақты ережелер, кәсіпкерлер қауымдастығының сенімі және мемлекет, бизнес пен ғылымның тығыз ынтымақтастығы. Бізге халықаралық деңгейде білім алмасу, бірлескен зерттеулер, инвестициялар, технологиялық әріптестік және таланттарды дамыту аса маңызды. Қазақстан жасанды интеллекттің бейбіт, қауіпсіз әрі жауапты түрде дамуын дәйекті түрде қолдайды. Біздің ұстанымымыз өзгермейді, – деді Мемлекет басшысы Тоқаев.
Форумның алғашқы күніндегі маңызды шаралардың бірі — Qazaq Artificial Intelligence Research University (QAIRU) жаңа зерттеу университетінің салтанатты ашылуы болды. Бұл оқу орнында оқу үдерісі мен ғылыми ізденістер түгелдей жасанды интеллект технологияларына негізделген. Университеттің құрылуы еліміздің жаңа технологиялық экономикасына қажетті білікті кадрларды даярлауға және ғылыми-зерттеу базасын нығайтуға бағытталған.
Бұл салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Хасенұлы Мәдиев қатысты.
– Бұл университет таланттарды тарту орталығына және жаңа білім беру технологияларын дамытатын көшбасшы алаңға айналуы тиіс. Біздің міндетіміз – жасанды интеллектті қолдана отырып, дербестендірілген білім беру жүйесіне көшу және оқыту мен зерттеуден бастап өндіріске, технологиялық өнімдерді әзірлеуге және оларды коммерциялық айналымға енгізуге дейінгі толық циклді қалыптастыру. Түлектер заманауи жасанды интеллект құралдарын жетік меңгеріп қана қоймай, оларды тәжірибеде тиімді қолдана білуі және алған білімдерін нақты экономикалық әсерге айналдыра алуы тиіс, – деді Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Хасенұлы Мәдиев.
Бірінші күннің арнайы бағдарламасы халықаралық технологиялық ынтымақтастықты дамытуға және жаңа бірлескен бастамаларға арналған екіжақты кездесулерге ұласты.
AI & Digital Bridge форумының алғашқы күні іс-шараның технологиялық күн тәртібінің негізгі бағыттарын айқындап берді: жасанды интеллект индустриясы мен есептеу инфрақұрылымын дамыту, адами капитал мен технологиялық кәсіпкерлікті өрістету, инвестиция тарту және халықаралық әріптестік ауқымын кеңейту.
2–3 қазан — форумның ашық бағдарламасы
AI & Digital Bridge 2026 негізгі бағдарламасы 2–3 қазанда жалғасып, билет иелері үшін қолжетімді болады. Бұл ауқымды шара халықаралық сарапшыларды, жетекші технологиялық компанияларды, инвесторларды, стартаптар мен әзірлеушілерді басын қосады.
Бағдарлама келесі бағыттарды қамтиды: жасанды интеллект және есептеу инфрақұрылымы, венчурлық инвестициялар мен цифрлық қаржы, технологиялық кәсіпкерлік, киберқауіпсіздік, адами капиталды дамыту, GameDev және креативті индустриялар, сондай-ақ жасанды интеллектті бизнес пен мемлекеттік басқару ісінде қолдану.
AI & Digital Bridge форумы тар шеңбердегі технологиялық мәселелермен шектелмей, жасанды интеллект компанияларының орналасу орындары, капитал мен дарынды мамандарды тарту тетіктері, озық инфрақұрылымды дамыту және цифрлық экономиканың жаңа орталықтарын қалыптастыру сияқты ауқымды стратегиялық бағыттарды қамтиды.
Бұл ауқымды шара Қазақстанның еуразиялық жасанды интеллект хабы және халықаралық технологиялық серіктестік орталығы ретіндегі ұстанымын тағы бір мәрте айқындай түседі.
Анықтама
Астанада 1–3 қазан аралығында өтетін AI & Digital Bridge 2026 форумы — жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар айы AI MONTH аясындағы басты халықаралық оқиға.
Ұйымдастырушылар — Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және даму министрлігі, Astana Hub және Астана әкімдігі.
AI & Digital Bridge 2026 форумын өткізу демеушілік қаражат есебінен және форум серіктестерінің қолдауымен қамтамасыз етілді.
Алтын серіктестер — Freedom Банкі, Kaspi Bank, «Самрук-Қазына» АҚ және «Қазахтелеком» АҚ. Күміс серіктес — Halyk Bank. Бизнес-серіктес — Beeline Қазақстан. Қола серіктес — Yandex Qazaqstan. Телеком-серіктес — «Freedom Telecom Operations» ЖШС. Технологиялық серіктестер — «Транстелеком» АҚ, ресми әуе серіктесі (Official Airline Partner) — Air Astana.