
Қазақстанда Цифрландыру және Жасанды интеллект жылы аясында 23 қыркүйектен бастап жасанды интеллект және цифрлық технологиялар саласындағы іс-шаралар бағдарламасы – AI MONTH 2026 басталады. Ол ел бойынша технологиялық қауымдастықты, бизнесті, білім беру саласын, стартаптарды, халықаралық сарапшылар мен өңірлік бастамаларды бір алаңға біріктіреді.
AI MONTH бағдарламасының басты оқиғасы – 1-3 қазан аралығында Астанада өтетін AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумы.
Форум технологиялық компаниялардың басшыларын, жаһандық бизнес негізін қалаушыларды, ғалымдарды, инвесторларды, кәсіпкерлерді, стартаптар мен халықаралық ұйымдардың өкілдерін біріктіреді. Бағдарламаның негізгі бағыттары – жасанды интеллект, технологиялық кәсіпкерлік, инвестициялар, адами капиталды дамыту және цифрлық экономиканың жаңа мүмкіндіктері.
2-3 қазан күндері өтетін ашық бағдарламаға билеттер форумның ресми сайтында қолжетімді: https://digitalbridge.ai/ru/
2026 жылы AI Week форматы AI MONTH форматына өзгерді. Жасанды интеллект саласындағы бастамалардың саны артып, технологиялық күн тәртібі елдің көбірек салаларын, аудиториясы мен өңірлерін қамти бастады. Жаңа формат бастамаларды бірыңғай бағдарламаға біріктіріп, Қазақстанның AI экожүйесінің дамуын ұлттық ауқымда көрсетеді.
23 қыркүйекте AI MONTH бағдарламасын OpenAI қолдауымен HackAlem AI хакатоны ашады. Бұл – AI шешімдерін әзірлеуге бағытталған әлемдегі ірі хакатондардың бірі. Үш адамға дейінгі командалар Қазақстан экономикасының 10 негізгі саласына арналған агенттік AI шешімдерін әзірлейді. Қатысушылар Codex пен OpenAI API құралдарын міндетті түрде қолданады.
HackAlem AI хакатонының жүлде қоры мен технологиялық ресурстарының жалпы көлемі 1,1 млн долларды құрайды. Оған ақшалай жүлде қоры, API-токендер және өз AI шешімдерін әзірлеп, іске қосуға арналған OpenAI технологиялық ресурстары кіреді. Жеңімпаздар AI & Digital Bridge 2026 форумының басты сахнасында марапатталады. Хакатон әзірлеушілерді, студенттерді, жас мамандарды, стартаптарды және IT энтузиастарын біріктіріп, қатысушыларға қысқа уақыт ішінде идеядан жұмыс істейтін AI шешіміне дейінгі жолды өтуге мүмкіндік береді.
29-30 қыркүйекте Астанада Орталық Азиядағы киберқауіпсіздікке арналған халықаралық конференция – KazHackStan өтеді. 100-ден астам өңірлік және халықаралық спикер DevSecOps, OSINT, деректерді қорғау, зиянды бағдарламаларды талдау және жасанды интеллекттің дамуымен байланысты киберқауіптердің жаңа бағыттарын талқылайды.
Осы күндері Орталық Азия елдері мен АҚШ-тың жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастығына арналған C5+1 алаңы да өтеді. Мемлекеттер, халықаралық ұйымдар және технологиялық қауымдастық өкілдері ЖИ реттеу, инфрақұрылымды дамыту, мамандар даярлау және халықаралық технологиялық әріптестікті нығайту мәселелерін талқылайды.
Инвестициялық бағытты Еуразиядағы LP және VC инвесторларына арналған LP Summit саммиті жалғастырады. Оған институционалдық инвесторлар, венчурлік және ұлттық қорлар, корпорациялар мен family office өкілдері қатысып, венчурлік экожүйені дамыту және жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді талқылайды.
Денсаулық сақтау саласындағы технологияларға AI and MedTech Day арналады. Сарапшылар, дәрігерлер, әзірлеушілер мен стартап өкілдері диагностикада және денсаулық сақтауды басқаруда жасанды интеллектті қолдану мәселелерін талқылап, жаңа MedTech шешімдерін әзірлеу бағытында жұмыс істейді.
Жеке бағыт ретінде Unitree гуманоидты робототехникасына арналған хакатон өтеді. Командалар ұйымдастырушылар ұсынған Unitree G1 гуманоидты роботтарын бағдарламалап, симуляторларды қолданбай практикалық міндеттерді шешеді.
1-3 қазан аралығында жасанды интеллект кинематография құралы ретінде қолданылатын кино бағытына арналған халықаралық Astana AI Film Festival фестивалі өтеді. Бағдарламада AI көмегімен жасалған фильмдер, ашық көрсетілімдер, кәсіби пікірталастар және технологиялардың режиссураға, визуалды стильге, сторителлингке, кейіпкерлерді жасауға, арнайы эффектілер мен дыбыстауға әсері туралы воркшоптар қамтылады.
Бағдарламада FIRST Tech Challenge және FIRST LEGO League халықаралық робототехника жарыстары, UNICEF-тің AI-дың балалар мен жастардың болашағына әсеріне арналған форсайт-сессиясы, бизнеске арналған технологиялық іс-шаралар және басқа да форматтар бар.
Өңірлік бағдарлама
AI MONTH Астанадағы іс-шаралармен ғана шектелмейді. Ай бойы жасанды интеллект және цифрлық технологиялар саласындағы іс-шаралар бүкіл елдегі өңірлік технологиялық хабтарда өтеді.
Бағдарламаға воркшоптар, буткемптер, хакатондар, мансаптық кездесулер, питч-сессиялар мен стартап-батлдар кіреді. Іс-шараларға мектеп оқушылары, студенттер, оқытушылар, әзірлеушілер, кәсіпкерлер, стартап командалары және жасанды интеллектті меңгеруге әрі оны практикада қолдануға қызығушылық танытатын мамандар қатыса алады.
Өңірлік бағдарлама елдің әр түкпіріндегі қатысушыларға жаңа құзыреттерді меңгеруге, өз шешімдерін әзірлеуге және жобаларын кәсіби қауымдастыққа таныстыруға мүмкіндік береді. Іс-шаралардың өзекті күндері, өтетін орындары және тіркелу шарттары Astana Hub платформасында жарияланған.
Ай бағдарламасын Қазақстанның технологиялық кәсіпкерлігі мен IT индустриясын дамытуға бағытталған халықаралық инновациялық кластер Astana Hub ұйымдастырған AI жарысының финалы – Grand Final alem.ai Battle қорытындылайды. Финалда Қазақстан мен Орталық Азиядан келген командалар мен жас таланттар бас қосып, төрт санат бойынша өз әзірлемелерін таныстырады.
Өңірлік іс-шаралар бағдарламасы мына сілтемеде қолжетімді: https://astanahub.com/ru/event/
AI MONTH жасанды интеллектті дамытудың барлық кезеңдерін бірыңғай бағдарламаға біріктіреді: білім беру, таланттарды даярлау және AI өнімдерін әзірлеуден бастап, технологиялық кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту және халықаралық ынтымақтастыққа дейін.
AI & Digital Bridge 2026 форумын Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Astana Hub және Астана қаласының әкімдігі ұйымдастырады.
AI MONTH жасанды интеллектті, технологиялық бастамаларды және Қазақстанның AI экожүйесін дамытуға қолдау көрсететін серіктестерді біріктіреді. AI MONTH-тың алтын серіктестері – Freedom Bank, Kaspi.kz және «Самұрық-Қазына» АҚ. Күміс серіктесі – Halyk Bank. Transformation Partner – Beeline Қазақстан. HackAlem AI ресми серіктесі – Firebird AI KZ Ltd.