Іргелі математикадан ғарыштық зерттеулерге дейін: академик Ө.М. Сұлтанғазиннің ғылыми мұрасы

Іргелі математикадан ғарыштық зерттеулерге дейін: академик Ө.М. Сұлтанғазиннің ғылыми мұрасы

2026 жылғы 17 қыркүйекте Алматы қаласында көрнекті қазақстандық ғалым, математик және ғылым ұйымдастырушысы Өмірзақ Махмұтұлы Сұлтанғазинге арналған «Академик Ө.М.Сұлтанғазиннің ғылыми мұрасы және математика ғылымы мен ғарыштық зерттеулердің дамуына қосқан үлесі» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясында (ҚР ҰҒА) өтіп, белгілі ғалымдарды, ғылыми ұйымдардың өкілдерін, академиктің әріптестері мен ізбасарларын біріктірді.

Кездесудің Ө.М. Сұлтанғазиннің ғылыми және ұйымдастырушылық қызметінің елеулі бөлігімен тығыз байланысты Ғылым академиясының қабырғасында өтуінің символдық мәні зор. Ол Математика және механика институтының директоры, Қазақ КСР Ғылым академиясының вице-президенті қызметтерінен Ғылым академиясының президентіне дейінгі жолдан өтті. 1988–1994 жылдары Өмірзақ Махмұтұлы Қазақ КСР Ғылым академиясын, кейін Қазақстан Республикасының Ғылым академиясын басқарды.

Іс-шараға ҚР ҰҒА Басқарма Президенті, академик Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаевтың қатысуы дөңгелек үстелдің маңызын арттыра түсті. Ол өз сөзінде Ө.М. Сұлтанғазиннің тұлғасына, ғылыми және ұйымдастырушылық қызметіне, сондай-ақ отандық ғылымның дамуына қосқан үлесіне тоқталды.

Дөңгелек үстел барысында ғалымның есептеу математикасы саласындағы зерттеулері мен отандық математикалық мектептің дамуына қосқан үлесі кеңінен сөз болды. Сұлтанғазиннің ғылыми еңбектері туралы ҚР ҰҒА вице-президенті, академик Асқар Серқұлұлы Жұмаділдаев баяндады.

Академик Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов Өмірзақ Махмұтұлы туралы естеліктерімен бөлісті. Ол өз сөзінде Сұлтанғазин тұлғасының ауқымдылығын, отандық ғылымның дамуына қосқан үлесін және оның ғылыми мұрасының кейінгі зерттеушілер буыны үшін маңызын атап өтті.

Сондай-ақ академиктің әріптестері, шәкірттері мен серіктестерінің естеліктері айтылып, Өмірзақ Махмұтұлының тұлғасын тереңірек танытуға және оның қазақстандық зерттеушілердің бірнеше буынының қалыптасуына тигізген ықпалын көрсетуге мүмкіндік берді.

Ө.М.Сұлтанғазиннің ғылыми қызметі іргелі математикамен ғана шектелген жоқ. Ол Қазақстандағы ғарыштық зерттеулерді жүйелі түрде дамытудың бастауында тұрған ғалымдардың бірі болды. Оның есімі Ғарыштық зерттеулер институтының қалыптасуымен, ғылыми бағдарламалардың, Жерді қашықтан зондтау саласының дамуымен және ғарыш қызметінің нәтижелерін практикалық тұрғыдан пайдаланумен тығыз байланысты.

Талқылауда академик Ө.М. Сұлтанғазин туралы тарихи жадыны сақтау және оның ғылыми мұрасын кеңінен насихаттау мәселесіне ерекше мән берілді. Дөңгелек үстелге қатысушылар ғалымның есімін ұлықтау және Өмірзақ Сұлтанғазинді Қазақстанның көрнекті тұлғаларының «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгізу жөніндегі бастаманы қолдады.

Дөңгелек үстелдің ұйымдастырушылары - «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы және Математика және математикалық модельдеу институты.