
Q.AI, Astana Hub және Alem.ai Foundation Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, Кай-Фу Ли мен 01.AI жетекші сарапшылары қатысатын жабық когорттық менторлық бағдарламаға қатысу конкурсын жариялайды. Бағдарламаның алғашқы легі alem.ai халықаралық орталығында Q.AI зерттеу зертханасының ашылуы аясында басталады.
Sinovation Ventures пен 01.AI негізін қалаушы Кай-Фу Ли әлемдік AI-индустриядағы ең танымал тұлғалардың бірі. Бұған дейін ол Google China компаниясын басқарған, Microsoft Research Asia зерттеу орталығын құрған және халықаралық бестселлерге айналған AI Superpowers кітабының авторы. Оның негізін қалаған 01.AI компаниясы Q.AI-дың технологиялық серіктесі болып табылады.
Менторлық бағдарлама жасанды интеллект саласында жұмыс істеп жүрген және өз жобаларын, өнімдерін немесе технологиялық шешімдерін дамытып жатқан мамандар мен командаларға арналған. Конкурстық іріктеу нәтижесінде 20–25 қатысушыдан тұратын когорта қалыптасады. Олар шағын менторлық топтарда нақты AI-жобалармен жұмыс істеп, нақты технологиялық және бизнес-міндеттерді шешуге бағыт алады.
Іріктеуден өткен қатысушылар 01.AI жетекші сарапшыларының топтық менторлығына, практикалық воркшоптар мен frontier AI, салалардың трансформациясы, технологиялық кәсіпкерлік және high-impact AI-шешімдерін әзірлеу тақырыптарындағы тұрақты сессияларға қатысады. Бағдарлама аясында Кай-Фу Лимен AI дамуының негізгі үрдістері мен ауқымды технологиялық өнімдерді құру мүмкіндіктеріне арналған мерзімді топтық семинарлар да өтеді.
Бағдарламаға мемлекеттік қызметшілер мен ұлттық компаниялардың өкілдері, Tomorrow School студенттері, AI/ML мамандары мен инженерлер, сондай-ақ AI-кәсіпкерлер мен AI-стартаптардың негізін қалаушылар қатыса алады. Іріктеу барысында ағылшын тілін меңгеру деңгейі, AI-бэкграунд, AI-жобалардағы расталған тәжірибе және ауқымды AI-шешімдерді дамытуға деген мотивация ескеріледі.
Өтінімдер 2026 жылғы 24 қыркүйекке дейін қабылданады. Конкурстық іріктеу нәтижелері мен бағдарламаның алғашқы когортының құрамы 2 қазанда AI & Digital Bridge 2026 аясында жарияланады.
Қатысуға өтінімді мына сілтеме арқылы беруге болады: https://astanahub.com/account/service/mentorship01/request/679/create/
Бағдарлама Қазақстандағы мықты AI-таланттар қауымдастығын қалыптастыруға, халықаралық сараптамаға қолжетімділікті кеңейтуге және 01.AI / Q.AI жаһандық экожүйесімен байланыстарды дамытуға бағытталған.