ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті байланыс операторларымен бірлесіп, Алматы облысының Алатау және Қонаев қалаларында ұялы интернет жоқ аймақтарға көшпелі мониторинг жүргізді.
«Ақ дақтар» — байланыс операторлары тарапынан интернетке қолжетімділік толықтай жоқ аумақтар.
Алатау қаласында 28 «ақ дақ» анықталды. Оларды жою жұмыстарын ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Қосымша 5 базалық станция орнату көзделген, бұл қамту аумағын, соның ішінде автомобиль жолдарының бойын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда жабдықтарды орналастыру үшін антенна-мачталық құрылғы орнатылған. Базалық станциялар қойылғаннан кейін бұл бұрын байланыс болмаған учаскелерді интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қонаев қаласында 9 «ақ дақ» анықталды. «Кар-Тел» компаниясы таяудағы бір ай ішінде анықталған аймақтардың кемінде 7-уіндегі мәселені жоюды жоспарлап отыр.
Халықты сапалы ұялы байланыспен қамтамасыз ету жұмыстары операторлардың лицензиялық міндеттемелері шеңберінде де жүргізілуде. Осы міндеттемелерге сәйкес, халқы 250 адамнан асатын барлық 3 807 ауылдық елді мекен ұялы байланыспен қамтылады.
Атап айтсақ, Шенгелді ауылы 2025 жылы ұялы байланыспен қамтамасыз етілуі тиіс болатын. Операторлар байланыс сапасын арттыруға және заманауи технологияларға өтуге бағытталған базалық станцияларды жаңғыртты. Ауылға жасалған сапар барысында 4G және 5G технологиялары бойынша интернет-қосылыстың жоғары сапасы тіркелді.
Шенгелдідегі 5G желісі «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС операторының бастамасымен орнатылды.
Бүгінгі таңда байланыс операторлары қалаларда 5G желісін өрістету бойынша ең төменгі лицензиялық міндеттемелерді орындап, ауылдық елді мекендерде бесінші буын желісін кеңейтуге кірісті.
Сонымен қатар, байланыс жоқ аймақтарды анықтау және жою жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. «Ақ дақтарға» қатысты жағдай динамикалық сипатқа ие: аумақтарда құрылыс жүріп, жаңа тұрғын үй алқаптарының пайда болуына байланысты байланысы жоқ жаңа учаскелер пайда болуы мүмкін. Осыған байланысты «ақ дақтарға» мониторинг тұрақты негізде жүргізіледі.