
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің төрағалығымен дербес деректерді қорғау және киберқауіптерге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ведомствоаралық кеңес өтті.
Кеңеске 60-тан астам ұйымның өкілдері қатысты. Олардың қатарында Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Әділет министрлігі, сондай-ақ денсаулық сақтау, қаржы, білім беру, сауда және басқа да салаларда дербес деректермен жұмыс істейтін мемлекеттік және жеке ұйымдардың өкілдері бар.
Негізгі талқылау тақырыбы мемлекеттік органдар мен бизнестің заңнамадағы жаңартылған талаптарды іс жүзінде орындауға дайындығы болды. Дербес деректерді қорғау цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің және азаматтардың мемлекеттік әрі коммерциялық сервистерге деген сенімін арттырудың негізгі бағыттарының бірі ретінде қарастырылады.
«Дербес деректер бұл ақпараттық жүйедегі жай ғана мәліметтер жиынтығы емес. Әрбір жазбаның артында нақты адам тұр. Сондықтан дербес деректерді қорғау ұйымдар үшін тек заң талаптарын орындаумен бөлек, азаматтар алдындағы жауапкершілік болуы тиіс. Деректермен жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыру қажет. Онда қауіпсіздік қандай да бір оқиға болғаннан кейін емес, барлық процестерге бастапқы кезеңнен бастап енгізілуі керек», деді Жаслан Мәдиев.
Соңғы екі жылда бұл саладағы заңнамалық талаптар едәуір күшейтілді.
2026 жылғы 12 шілдеде Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексі және «Киберқауіпсіздік туралы» Қазақстан Республикасының Заңы күшіне енді.
Сонымен қатар, 2026 жылғы 24 тамызда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол жүрісі және көліктегі озық технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы күшіне енеді.
Жаңартылған заңнама ақпараттық жүйелер мен дербес деректер базалары иелерінің жауапкершілігін нақтылайды. Ұйымдар қандай деректерді жинайтынын, оларды қандай негізде және қандай мақсатта пайдаланатынын, бұл деректерге кімдердің қол жеткізе алатынын, қанша уақыт сақталатынын және қалай қорғалатынын нақты білуі тиіс.
Дербес деректер базаларының иелері мен операторлары ақпаратты өңдеуге азаматтардың келісімін нақты мақсатты көрсете отырып алуға, деректерді сақтаудың белгіленген мерзімдерін сақтауға, жауапты қызметкерлерді тағайындауға және ақпаратқа қол жеткізе алатын тұлғалар шеңберін шектеуге міндетті.
Заңнамада шифрлау, ақпаратты қорғау құралдары, пайдаланушылардың әрекеттерін журналдау және көпфакторлы аутентификация, соның ішінде биометриялық сәйкестендіруді пайдалану сияқты заманауи техникалық қорғау шараларын қолдану да көзделген.
Мемлекеттік деректер базаларынан ақпаратты жүктеп алуға шектеулер енгізіледі. Сонымен қатар, дербес деректерді өңдеуді бастағаны және анықталған инциденттер туралы уәкілетті органды хабардар ету міндеті белгіленеді.
Азаматтардың өздері үшін де деректерді бақылаудың қосымша мүмкіндіктері қарастырылған. Дербес деректерді өңдеуге келісім беру және оны кері қайтарып алу eGov Mobile арқылы жүзеге асырылады.
Маңызды мәселелердің бірі ретінде кеңесте адами фактор талқыланды. Тәжірибе көрсеткендей, көптеген инциденттер күрделі сыртқы бұзушылықтардан емес, адами фактордан және ақпараттық қауіпсіздік пен дербес деректерді қорғаудың қарапайым талаптарының сақталмауынан туындайды. Есептік жазбаларды үшінші тұлғаларға беру, қауіпсіздігі бұзылған қолжетімділіктерді пайдалану, қол жеткізу құқықтарын нақты шектемеу, ақпаратты заңсыз көшіріп алу және ішкі тәртіп талаптарын бұзу азаматтардың деректерінің таралуына тікелей қауіп төндіреді.
Осыған байланысты жұмыс берушілер қызметкерлерге киберқауіпсіздік және кибермәдениет мәселелері бойынша жыл сайын оқыту жүргізуге міндетті. Деректерді қорғау формалды талап қана емес, ақпараттық жүйелерге қол жеткізе алатын әрбір қызметкердің корпоративтік мәдениеті мен жеке жауапкершілігінің бір бөлігіне айналуы тиіс.
Заңнама талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылау тұрақты негізде жүргізіледі. 2025 жылы дербес деректерді қорғау саласында 77 тексеру жүргізілсе, 2026 жылдың басынан бері тағы 44 тексеру өткізілді.
Тексеру нәтижелері ұйымдарда жүйелі бұзушылықтардың әлі де орын алып отырғанын көрсетеді. Олардың қатарында азаматтардың деректерін өңдеуге келісімінің болмауы, жауапты тұлғалардың және ақпаратқа қол жеткізе алатын қызметкерлердің бекітілген тізімдерінің болмауы, артық деректерді жинау, көпфакторлы аутентификацияның, пайдаланушылар әрекеттерін журналдау жүйесінің, криптографиялық қорғау құралдарының, антивирустық шешімдер мен желіаралық экрандардың болмауы бар.
Бас прокуратура өкілінің мәліметінше, 2026 жылдың жеті айында дербес деректерді қорғау саласында 90 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 172 фактпен салыстырғанда 47,7%-ға аз. 58 адам сотталды. Сонымен бірге, дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған адамдар саны төрт еседен астам өсті.
Сонымен қатар мұндай бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтілуде. Әкімшілік айыппұлдардың мөлшері үш есеге ұлғайтылып, киберқауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін 1 000 АЕК-ке дейін, ал дербес деректер туралы заңнаманы бұзғаны үшін 2 000 АЕК-ке дейін белгіленді. Жауапкершілікке тартудың ескіру мерзімі бір жылға дейін ұзартылды.
Бұған қоса, дербес деректердің жаппай таралуына әкеп соққан ең ауыр бұзушылықтар үшін жауапкершілікті одан әрі күшейту мәселесі қарастырылып жатыр.
Сонымен бірге мемлекеттің міндеті тек тексеру жүргізу және санкциялар қолданумен шектелмейді. Жүйенің маңызды элементтерінің бірі реттеуші орган мен дербес деректер базаларының иелері және операторлары арасындағы тұрақты диалог болуы тиіс.
Мемлекет үшін ұйымдардың заңнама талаптарын алдын ала түсінуі, өз тәуекелдерін бағалауы және ықтимал инциденттер туындамай тұрып осал тұстарын жоюы аса маңызды. Өз кезегінде бизнес пен деректерді сақтайтын басқа да ұйымдар түсіндіру жұмыстарын уақытылы алып, өз процестерін бірыңғай талаптарға сәйкес ұйымдастыру мүмкіндігіне ие болуы тиіс.
Кеңес қорытындысы бойынша Жаслан Мәдиев дербес деректерді қорғау саласындағы заңнама талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ қызметкерлердің кибермәдениет деңгейін жүйелі түрде арттыруды тапсырды. Ұйым басшыларына бұл жұмысты жеке бақылауға алу жүктелді.
Тиісті мемлекеттік органдарға интернет кеңістігінде дербес деректерді заңсыз жинау, өңдеу, тарату және сату фактілерін анықтау мақсатында тұрақты мониторинг жүргізіп, анықталған жағдайлар бойынша тиісті шаралар қабылдау тапсырылды.
Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне дербес деректерді қорғау саласындағы заңнама талаптарының сақталуына тұрақты мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету және анықталған әрбір бұзушылық бойынша заңнамада көзделген шараларды қабылдау туралы тиісті тапсырмалар берілді.
Дербес деректер базаларының меншік иелері мен иеленушілеріне дербес деректердің қорғалу деңгейіне бағалау жүргізіп, анықталған кемшіліктерді жою және ақпаратты жинау, өңдеу, сақтау және қорғау процестерін заңнама талаптарына сәйкестендіру тапсырылды.
Аса маңызды цифрлық нысандар Ұлттық қауіпсіздік комитеті тарапынан қосымша тексерулерден өтеді.
Заңнама талаптары дербес деректер базаларының барлық иелері мен операторларына, атап айтқанда мемлекеттік органдарға, квазимемлекеттік секторға, банктерге, медициналық және білім беру ұйымдарына, ірі бизнеске, сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне қолданылады.
Жаслан Мәдиев дербес деректерді қорғау белгіленген талаптарды формалды түрде орындауды ғана емес, жүйелі жұмысты, тұрақты бақылауды және ұйым басшыларының жеке жауапкершілігін талап ететінін атап өтті.
Дербес деректерді қорғау мемлекеттік цифрлық саясаттың негізгі басым бағыттарының бірі болып қала береді. Цифрлық ортаға көшетін процестер көбейген сайын, азаматтардың деректеріне қол жеткізетін әрбір тараптың жауапкершілігі де арта түсуі тиіс. Цифрлық мемлекет пен цифрлық экономикаға деген сенім адамның өз деректерінің сенімді қорғалғанына деген сенімінен басталады.